Кулагин су өткізу нысандарының дайындығын пысықтады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының əкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде өңірде көктемгі су тасқынын алдын алу шаралары талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аппарат кеңесінде аймақтық ТЖД басшысы Алексей Советов алдағы көктемгі су тасқыны маусымын қауіпсіз өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, департамент пен облыс əкімдігі бірлесіп, көктемде су тасқынының алдын алу жоспарын жасаған.

Мəселен, Бұланды ауданында 11,8 шақырым арық тазартылған. Целиноград ауданында өзеннің жағасы бекітілсе, Шортанды ауданында өзеннің түбі тазартылған. Қорғалжын ауданында 32,2 шақырым бөгет жөнделді. Оған қоса, Бұланды, Целиноград, Аршалы жəне Атбасар аудандарында 13 су өткізу нысаны орнатылса, Ереймантау, Шортанды аудандарында 1,6 шақырым уақытша бөгет салынды.

Сонымен қатар, облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың күштері мен қаржысы даярланды. Оның ішінде 2588 адам, 1220 бірлік техника (574 коммуналдық, 298 су сорғыш жəне 66 су жүзетін) бар.

Көктемгі су тасқынын алдын алу жəне зардаптарын жою үшін ТЖД, ҚР Ұлттық ұлан, ІІД жеке құрамынан 485 адам жəне 103 арнайы техника мен 5 жүзу құралын тарту жоспарланған.

Кеңес соңында аймақ басшысы Көкшетау, Степногорск қалалары мен аудан əкімдеріне қауіпті кезеңінде жедел штаб жұмысын тəулік бойы ұйымдастыруды тапсырды.

«Су өткізу нысандарын тазалау жəне олардың су өткізудегі дайындығын 20 наурызға дейін анықтау қажет. Жасанды су қоймаларында ағып келген сулардың уақытында өткізу, оған қоса, мұз жару жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырамын», - деді С.Кулагин.

Соңғы жаңалықтар