Құлаған ұшақта мерт болғандардың отбасына көмек көрсетіледі - аудан әкімінің орынбасары

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында құлаған ұшақта мерт болған екі адамның отбасына жергілікті әкімдік көмек көрсететін болды. Бұл туралы Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов айтты.

«Өте қайғылы жағдай. Артында отбасы, балалары қалды. Қолдан келгенше материалдық көмек көрсетіледі. Қазір олардың мағлұматтарын облыстан да сұрап жатыр. Облыстық әкімдіктен де көмек болып қалуы мүмкін. Әзірге қандай көлемде екенін айта алмаймын. Аудан әкімі іссапардан келген соң белгілі болады», - деді Шухрат Құрбанов.

Еске сала кетейік, төтенше жағдай бүгін таңертең Панфилов ауданында Шолақай ауылына жақын жерде болған. Жүгері егістігін өңдеуге шыққан ЯК-12 ұшағы құлап, артынан өртене бастаған. 

Бортта 54 жастағы ұшқыш, Қарағанды облысының тумасы Хамит Ақбергенов пен 39 жастағы жолаушы, «Аршидинов» шаруа қожалығының басшысы Мәсімжан Мәсімов болған. Екеуі де қаза болды .  

Қазір оқиға орнында Талдықорған көлік прокуроры, Алматы-1 стансасы Ішкі істер Желілік бөлімі, Алтынкөл стансасының желілік бөлімі, Панфилов аудандық ТЖД мамандары жұмыс істеп жатыр.

Аталған дерек Алматы әуежайының ҚР ҚК 344 бабының 3 бөлімі бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тергеу ісі реестріне тіркелді. Министрлік төтенше жағдайдың себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстары туралы бұйрық шығармақ.

Мамандардың айтуынша, аталған ұшақтың ұшуға қажетті барлық құжаттары болған . 

Сондай-ақ, ҚР ИДМ көлік оқиғалары мен оқыс оқиғаларды тексеру департаментінің басшысы Жәнібек Тайжанов Алматы облысында ЯК-12 ұшағының құлауының ықтимал себептерін мәлімдеді .  

Оның айтуынша, әуе кемесі жерге тигенде апатқа ұшыраған болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар