Құлаған тікұшақтың «қара жәшігіне» сараптама жасалуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тікұшақ апатынан мерт болған сарбаздардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде тергеу органдары геномдық сараптамаларды жүргізді. Сарбаздардың мәйіттері туыстарына берілді, апаттан мерт болған әскери қызметшілерді жерлеу рәсімі өткізілді. Тергеу амалдарына тоқталсақ, тиісті комиссия жұмыс істеп жатыр. «Қара жәшіктегі» мәліметтерді ашу шаралары жалғасуда», - деді Т. Мұхтаров Парламент Мәжілісінде тілшілердің сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол бұл жұмыстар оңай еместігін, сәйкесінше, қажетті уақытта талап ететінін атап өтті.

«Мәліметтер алынғаннан кейін, сіздерге бірден хабарлаймыз, яғни тергеу амалдарын жүргізіп жатқан тиісті органдар жариялайды», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар, апатқа ұшыраған сарбаздардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Біз олардың отбасыларын назардан қалдырмаймыз», - деді Т. Мұхтаров.

Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты. Қорғаныс министрлігі көз жұмған әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялады.

Соңғы жаңалықтар