Құлаған тікұшақтың қара жәшігі сараптамаға жіберіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құлаған тікұшақтың борттағы қара жәшігі жақсы сақталған. Бұл туралы бүгін тікұшақ апатына байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, құзырлы органдар борттағы өзі жазып алатын обьективті бақылау құралдарын алып, талдауға жібермек.

«Қазір құжаттарды жинап жатырмыз. Обьективті бақылау құралдары жақсы сақталған, бұзылмаған. Біз бәрін тәркілеп, алып жатырмыз. Оны тәуелсіз зерттеу ұйымдарына сараптамаға жібереміз. Бірақ процесс ұзаққа созылуы мүмкін», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол қираған тікұшақтың кейбір сынықтары өндірушіге жіберілетінін айтты.

«Қираған ұшақтың сынықтарының бір бөлігін өндіруші компанияға зерттеуге жібереміз. Себебі, онда тікұшақ қозғалтқышы туралы көп ақпарат сақталған», - деді Н.Жұмасұлтанов.

Сонымен қатар, ол тікұшақтың жанар-жағармайы таусылған деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Бак жанармайға толы болған», - деді ол.

Айта кету керек, қайғылы оқиға кеше Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты «Тау самалы» шағынауданында болды. «Алатау» шипажайының ашық аумағына «Sky Service» әуе компаниясының жеке меншігіндегі Еврокоптер-130 тікұшағы құлады. 51 жастағы ұшқыш Валентин Шитов жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Тікұшақ Боралдай-Үлкен Алматы көлі бағытында ұшып бара жатқан.

Ал көліктегі ПД қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК 344-бабына («Әуе көлігін пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзу») сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді. Тергеу жұмыстары басталды. Мұның алдында ҚР ИИДМ Әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов тікұшақ апатының ықтимал 3 себебін атаған болатын.

Соңғы жаңалықтар