Құл-Мұхаммед: Жолдауда сапалы жаңа цифрлы индустрияны құру міндеті қойылған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде «Нұр Отан» партиясы комиссиясының кеңейтілген отырысын өткізді. Басқосу Елбасының халыққа Жолдауының бірінші басымдылығы - цифрлы технологияның негізінде экономиканың технологиялық жаңғыруын жеделдетуге арналды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуге Мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева, парламентарилер, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінің басқарма төрағасы Санжар Ізтілеуов,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялар мен еліміздегі  аймақтардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Мұхтар Құл-Мұхаммед сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында жеделдетілген технологиялық жаңғыруды жүргізуді және сапалы жаңа цифрлы индустрияны құру міндетін қойғанына тоқталды.  Бір жағынан әңгіме IT-экономикасының жетекші салаларын дүниеге келтіру, екіншіден - біздің республикамызда замануи коммуникативтік ортаны қалыптастыру туралы болып отыр.

«Президент  тапсырмаларының  ауқымдылығы мен ерекше маңыздылығын анық түсіну қажет.  Біздің негізгі мақсатымыз, цифрлы технологиялардың бүкіл елімізді ғана қамтып қоймай, әр азаматқа нақты пайдасын тигізгені. Ең алдымен тұрғындарға мемқызмет көрсету процесін мейлінше жеңілдету, сондай-ақ, адамдардың меморгандармен тікелей байланысына тосқауыл қойып, сол арқылы жемқорлық көрінісінің болу мүмкіндігіне жол бермеу», - деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. 

Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметі бойынша Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту деңгейінің халықаралық рейтингінде Ресей, Италия және Түркия сияқты елдердің алдына шығып 39 орынға қол жеткізді.  Республикамыздағы мемлекеттік қызметтердің 77% әлдеқашан автоматтандырылған. Олардың 760-тан  астамын онлайн-режимде, соның ішінде 80-ін смартфонның көмегімен алуға болады. Қазақстанның электрондық үкіметінің мобильдік қосымшасының таяуда ғана инновациялық шешімдерді ендіру саласындағы «First World Govtechineers Race-2017» беделді сыйлығын иеленуі осының нәтижесі болып табылады. 

Сонымен бірге Президенттің халыққа Жолдауындағы қойылған міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде цифрлы пішіндегі мемлекеттік қызметтерді қолдану саласын кеңейту мен тереңдету, сондай-ақ оның сапасын көтеру қажет. Бұл туралы егжей-тегжейлі Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев тілге тиек етті. Содан кейін мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және әкімшіліктердің өкілдері парламентарилердің сұрақтарына жауап берді.

Атап айтсақ Мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева Ақпарат және коммуникация министрінен қазақстандық ауылдарға жоғары жылдамдықты байланысты қосу мәселесінің қалай болып жатқанының жағдайын сұрады. Сала министрі Дәурен Абаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде екі миллионнан астам адам өмір сүріп жатқан 1 300 ауылда оптикалық-талшықты Интернеттің жүргізілетінін айтты. Жалпы саны 1 миллион 300 адам болатын қалған тұрғындар үшін 4 000 ауылда мәліметтерді беруді желісіз байланыс көмегімен шешу жоспарлануда.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаевтан депутаттар бүгінгі таңда жалпы тізілімге кірмейтін және тиімді болып бағаланбайтын мемлекеттік қызметтер жағдайының қалай болатынын сұрады. Ондайлар қазір 330-дан асады. Олардың сапасын тексеру әзірге мүмкін емес, ал бұл жемқорлық үшін қолайлы ахуал туғызады.  Алик Шпекбаевтың айтуынша, бұл мәселе шешіліп жатыр, бірақ қиындықтар да туындауда, өйткені кейбір меморгандар өз қызметін «көлеңкеден шығаруға» асыға қоймайды.

Бұл проблема туралы комиссия отырысында депутат Абай Тасболатов та айтты. Оның айтуынша, Ұлттық банк тұрғындарға 40-тан астам мемқызмет көрсеткенімен, олардың бірде-біреуін «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы алу мүмкін емес. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева ондай проблеманың бар екенін мойындады. Ол еліміздің бас банкісінің өз қызмет көрсетулерінің бір бөлігін ХҚКО арқылы жүргізу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.  Бұл жобаның пилоттық жобасын Алматыда іске асыру жоспарлануда.

Халық қалаулысы Бақытжан Әбдірайым өз кезегінде Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі басқарма төрағасының алдында IT саласындағы трансферттік технологиялар проблемасын қозғады. Сала басшысы Санжар Ізтілеуов ондай жобалардың әзірге аз екенін, алайда, «Цифрлы технология» бағдарламасы қосылғаннан кейін жағдайдың жақсы жаққа қарай өзгеруі тиіс екенінен хабардар етті.

Депутат Сапар Ахметов «Зерде» холдингінің басшысы Әсел Жиенбаевадан Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық саласына шетелдік инвесторлардың  қашан келетіні туралы сұрады. Холдинг басшысы Бекболат Хамитов қазіргі кезде цифрлы технологияға шет ел капиталын тарту мақсатында қолайлы жағдай туғызу үшін жұмыстар жасалып, нәтижесінде инвесторлардың белсенділігі арта түсуі тиіс екенін хабарлады.

«Нұротандықтардың» халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынудың сапасына қатысты да сауалдары бар. 2016 жылы партияның қоғамдық қабылдауларына ғана осы мәселе бойынша азаматтардан 2100 арыз бен өтініш келіп түсті. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғынына деректер базасында оның бұрынғы фотосуреті жоғалып кеткендіктен, жаңа куәлік беруден бас тартқан, ал Астанада бір топ егде адамдар Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында оларға сауалнама толтыруды міндеттеген, онда олар өз мүлкін кімге мұраға қалдыратынын көрсетуі қажет. 

«Өсиетхат мәселесінің көрсетілетін мемлекеттік қызметке қандай қатысы бар? Сорақы жағдай! Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, әкімдік пен «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясы бірлесіп мұны тәртіпке келтіреді және тиісті шаралар қолданады деп ойлаймын», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Депутат Майра Айсина комиссия отырысында «Азаматтарға арналған Үкімет» корпорациясының өкілеттілігін кеңейту мен жауапкершілігін арттыру мәселесін қозғады, өйткені, бірқатар мекемелер мен мемкомпаниялар арасындағы елді мекендерге электрондық қызмет жүйесін тарту бойынша міндеттерді бөліп беру бұл процесстің алға жылжуына кедергі келтіруде.

«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының басшылығына аймақтардан да сауалдар қойылды. Мәселен, Қарағанды облысында көптеген ауылдық елді мекендерде кең жолақты интернет байланысы жоқ. Сол себепті адамдар электрондық мемлекеттік қызмет көрсетуге қол жеткізе алмайды. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев бүгінгі таңда сапалы Интернеттің әлдеқашан 10 миллион азамат үшін қолжетімді болғанын, оның ауқымын жоғары жылдамдықты байланыспен кеңейту мәселесі компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын айтты.

Облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов «Қазпошта» филиалын «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының өкілдігі жоқ жерлерде халыққа мемлекеттік қызмет көрсету үшін пайдалануды ұсынды. «Қазпоштаның» жаңа басшысы Сәкен Сәрсенов бұл идеяны қолдап, ол үшін ұлттық компанияның барлық қажетті ресурстарының бар екенін жеткізді. 

Бұдан бөлек, партия комиссиясының кеңейтілген отырысы кезінде мәжіліс депутаттары азаматтардың тұрғылықты жері бойынша міндетті тіркелуі туралы жаңа талапқа байланысты проблемаларға назар аударды. Осындай жаңалықтарды енгізумен қатар оларды әзірлеушілер егжей-тегжейлі жол картасын пысықтауы қажет. Олар барлық қажетті заңға тәуелді актілерді, ұйымдастыру іс-шараларын және түсіндіру жұмыстарының жоспарларын қамтуы тиіс. Бұл жаңа заңдарды іске асыру сатысында проблемалардың туындауына жол бермеуге мүмкіндік жасайды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары кездесуді қорытындылай келіп, тұтастай алғанда, Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын арттыру бойынша көп жұмыс атқарылған деп тұжырымдады. Алайда, Үшінші жаңғырудың мақсаттары мен міндеттеріне сай келу үшін осы салада тиімді және бәрін қамтитын «қайта жүктеуді» жүргізу қажет.

Соңғы жаңалықтар