Құл-Мұхаммед: БҚО-да мемлекеттік бағдарламалар табысты орындалуда

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тапсырмалар табысты орындалуда. Бұл туралы өңірге жұмыс сапары кезінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сапар барысында облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «Кублей» ЖШС, «Стекло-Сервис» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысқан Мұхтар Абрарұлының айтуынша, бұдан он күн бұрын өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы республикада жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік, соның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сынды президенттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырма берген. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары өңірлерді аралау үстінде.

Бір ғана Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында тек Батыс Қазақстан облысының өзіне 340 млрд астам теңге қаралған. Мұндай көлемдегі қаржы бұл өңірге ешқашан бөлінген жоқ. Бұл қаражат облыстың индустриалдық келбетін өзгертті.  Яғни, өңірде 30-дан астам жаңа кәсіпорын ашылып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Солардың бірі - осы сапарымызда жұмысымен танысқан «Стекло-Сервис» ЖШС. Бүгінде өнімдерінің жартысын экспортқа шығарып отырған кәсіпорын кезінде өз жұмысын әйнек кесуден бастағанына сену қиын.

«Батыс Қазақстанда 1 млн астам қой, 500 мыңнан астам ірі қара бар және олардың біразы етті бағыттағы асыл тұқымды малдар. Ал олардың өнімдерін өткізу бізге күні кешеге дейін күрделі мәселе болды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында «Кублей» ЖШС секілді кәсіпорындар аяғынан тік тұрып, ол өнімдерді тиісті стандартқа сай өңдеп, шетелге шығаруда. Бүгінде бәсекеге қабілетті болып табылатын осындай кәсіпорын елімізде аз емес. Елбасының экономиканы әртараптандыру дегенінің бір көрінісі осы. Ал тоқсаныншы жылдардағы Орал қандай енді? Жол сапасы сын көтермейтін. Ал қазір қалада да, аудандарға апарар жолдар да түзеліп келеді. Мектептер ескі, біразы апатты жағдайда болды  әрі оқушылар сыймай, кейбірі үш ауысымда оқыды. Бүгінде Ақ Жайық өңірінде апатты жағдайда тұрған бірде-бір мектеп жоқ. Олардың бәрі президенттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес толығымен шешілді. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында да мемлекеттік бағдарламалар өз жемісін беріп жатқанын көріп, риза болдым», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Партия төрағасы бірінші орынбасарының жұмыс сапары 22 қараша күні де жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар