Құқық қорғау органдарының жауапкершілігі артады - Жақып Асанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құқық қорғау органдарын күшейтуге ниетті емеспіз. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл заң жобасы құқық қорғау органдарын күшейтпейді, бізге ешқандай жаңа өкілеттік берілмейді. Оның мақсаты біздің мойнымызға жаңа міндеттерді жүктеуге, жауапкершілікті арттыруға негізделген. Қазір санкциясыз күдіктіні 72 сағатқа дейін құқық қорғау органдары ұстауға құқылы. Ал осыны 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынып отырмыз. Егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда тіпті 24 сағатқа дейін. Бұл шаралар басым көпшілік қылмыстар үшін ескерілген», - деп тоқталды Бас прокурор құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғыртуға бағытталған  заң жобасы бойынша баяндамасында.

Оның пайымынша, бұл бағытта тергеу бойынша құқық қорғау органдары жұмыстары жылдамдайды деп күтілуде.  Біріншіден, осы 48 сағаттың ішінде тергеуші барлық дәлелді жинап, прокурорға барып, түсіндіруі тиіс. Прокурордың көзі жетсе, сотқа жүгініп, соттың шешімі шығады. Осының барлығы 48 сағаттың ішінде болуы керек. Ал үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағыштың басшысы адамды босатуы тиіс. Егер шығармаса, өзі жауапкершілікке тартылатын болады. Жалпы, 48 сағаттық мерзім халықаралық стандартқа сай келеді.

«Экономикалық қылмыс тергеліп жатса, тергеу кезінде ешкімді қамамауды ұсынамыз. Бұл енді бизнес жасап жүрген адамдар қоғамға, жеке адамға онша қауіпті емес. Олар қайта бос жүрсе, өзінің бизнесін жалғастырып, адамдарға жұмыс орындарын сақтап қалады. Бірақ кейбір қылмыстарды бизнес деп айту қиын, яғни жалған ақша жасау, қаржылық пирамида немесе ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысса,  оларды шектеп, қамауға алған жөн», - деп атап өтті Ж. Асанов.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді.

Соңғы жаңалықтар