Құқық қорғау қызметтері орталығы жыл соңына дейін барлық облыстарда ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа құқықтық қызмет көрсететін бірегей орталық жыл соңына дейін Қазақстанның барлық өңірлерінде ашылатын болады. 

Бұл туралы бүгін Астанадағы Бас прокуратураның жанынан ашылған құқық қорғау қызметі орталығының басшысы Сағатбек Сүлеймен мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазіргі таңда Ақтөбе мен Қостанай облыстарында осындай орталықтар ашылып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыстық әкімдіктермен бірігіп, қызмет көрсету аясын кеңейту арқылы осы шаруаға баса маңыз бермекпіз. Облыстарда ашылатын орталықтарда әкімдік пен әділет департаменттерінің де қызметкерлері болуы мүмкін. Орталықтар жыл соңына дейін барлық облыстарда ашылады», - дейді Сағатбек Сүлеймен.

Орталық халықаралық стандарттарға сай деңгейде ашылған. Жұмыстың жаңа түрін іске қоспас бұрын ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов тәжірибені енгізу үшін дамыған бірнеше елдерді өзі аралаған. Шетелдік тәжірибені қоспасыз көшіріп алмай, ҚР Бас прокуратурасы құқықтық қызмет көрсету түрлерін арттыра түсуді көздеп отыр.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Бас прокуратураның ғимаратында халыққа құқық қорғау қызметтерін көрсететін бірегей орталық жұмысын бастады. Жаңа орталықта адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметкерлері мен психологтар жұмыс атқаратын болады. Орталықта заңгерлік кеңес беретін 11 оператор жұмыс істеп, 4 прокурор қызметкері күн бойы азаматтардан арыз қабылдайды. 2 адвокат отыратын да арнайы кабинет бар. Нотариус қызметі әлеуметтік аз қамтылған адамдарға тегін қызмет көрсетеді. Сотталған адамдарға жұмыспен қамтуға көмектесетін пробация кабинеті мен тараптарды татуластыратын медиация кабинеті таңертеңнен кешке дейін ашық. Орталықта сондай-ақ, ұжым арызданған жағдайда ыңғайлы болатын конференция залы да бар.

Соңғы жаңалықтар