Құқық қорғау қызметкерлерінің жалақысы үш жылда бір рет индекстеледі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы үш жылда бір рет индекстеледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымға шығарылды.

«Біз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері үшін мемлекет ынталандырулар мен уәждемелер жасауға міндетті екеніне сенімдіміз. Қызметкерлер мен олардың отбасыларын әлеуметтік және құқықтық қорғалу жағдайларын қамтамасыз етпей, оларға қойылатын талаптарды арттырудың мағынасы жоқ екенін қайталап айтамыз. Сондықтан заң жобасының үшінші блогы – ерекше қиын жағдайдағы қызметкерлер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қамсыздандыруға арналған», - деді Г. Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, қазір шығындардың қосымша ауқымды бөлігін қамтамасыз ету мүмкіндігі болмағандықтан, заң жобасында зейнетақымен қамсыздандыру, қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері мәселелеріне қатысты түзетулерінің үлкен блогы қолдау таппады.

«Алайда, біз бұл тақырыпты өз жұмысымызда қалдырамыз. Заң жобасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын үш жылда бір рет индекстеу туралы бастамамыз қолдау тапты. Мұндай тәжірибе көптеген елдерде бар. Бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жаңа ереже 2025 жылдан бастап енгізіледі», - деді Гүлнар Бижанова.

Бұған дейін депутат қызметте қаза тапқан және мүгедек болғандардың балалары Қазақстандағы кез келген ЖОО-да тегін оқитынын айтқан еді.

Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін билік өкіліне бағынбау, күш қолдану үшін жаза күшейтілді.


Соңғы жаңалықтар