Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жүзеге асып, саясаттағы тіл мәселесіне нақты түрде мән беріледі

None
None
nbsp;АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Осы аптадағы Үкіметтің селекторлық кеңесінде ҚР Президентінің Құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға байланысты бірқатар шаралар туралы қаулысы мақұлданды. Қаулыға сәйкес, Ішкі істер министрлігінде жүргізілген мынадай қызметтерге байланысты функциялары мен қызметтерді: медициналық



айықтыру қызметтерін денсаулық сақтау жүйесіне, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметтерін білім беру жүйесіне, мемлекеттік техникалық бақылау жүргізу тәртібін айқындау және жүргізу Көлік және коммуникация министрлігіне беру көзделген. Ал ерекше қорғалатын маңызды стратегиялық нысандарды қорғауды қоспағандағы күзет қызметінің функциялары бәсекелестік ортаға тасталады. Бұдан бөлек, еліміздегі ішкі және сыртқы миграциямен айналысып келген Көші-қон комитеті таратылып, Президент Жарлығы негізінде Ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон полициясы комитеті құрылатын болады. Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің қызметі облыстар мен ірі қалалардағы Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің аумақтық органдарына бөлу арқылы қайта ұйымдастырылатын болады. «Бүгін біз Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, құқық қорғау реформаларын жүзеге асыру бойынша министрлер мен ведомстволардың функцияларын бөлу туралы қаулы қабылдадық. Көші-қон полициясы комитетінің құрылуына байланысты, енді бұл қызмет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министрлігінің құзырына өтеді. Осыған орай ІІМ мен ТЖМ көші-қон мәселелері жөнінде нақты жоспар әзірлеуі тиіс», - деді К.Мәсімов.

Сонымен қатар, кеңес барысында азаматтық қорғаныс мәселелері де талқыланып, ол бойынша Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко елдегі дәп қазіргі ахуалға шолу жасады. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстанда әлі күнге 175 өрт сөндіру депосы жетіспейді екен. Басқасын былай қойып, Алматы мен Астанада қала аумағын толығымен қадағалау үшін өрт сөндіру депосы 50 пайызға кем болып отыр. Мәселені шеше салу да оңай емес. Өйткені бір өрт сөндіру мекемесін салу, яғни ғимаратынан бастап толығымен техникалық жабдықтау үшін бюджеттен 1 млрд. теңге көлемінде қаржы шығындауға тура келеді екен. «Білім беру мекемелері де өрт қауіпсіздігіне баса мән бермейді. Сондықтан министрлік өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап бере алмайтын 163 мектептің жұмысын тоқтату туралы сотқа шағым түсірді. Оқу жылы басталар алдында біз мектептер мен басқа да оқу орындарындағы өрт қауіпсіздігін тексерген болатынбыз. Жағдай мәз емес», деді министр.

Еліміздің сейсмикалық жағдайына келсек, Қазақстанда әлеуметтік нысандар орналасқан мыңнан астам ғимарат «қауіпті» саналады. Бүгінгі күні 622 мектеп, 305 аурухана, 132 балабақша және басқа ғимараттар да сейсмикалық жағынан қауіпті болып отыр. Бұндай мәліметтерді шегелей өткен Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан халқының 38 пайызы сейсмикалық аудандарда тұрып жатыр. «Қазақстанның сейсмикалық аудандары шамамен 475 мың шаршы шақырым алаңды алып жатыр. Бұл - республика жалпы аумағының 18 пайызы деген сөз. Сейсмикалық аудандарда тұратын халық саны - 6 млн. шамасында, яғни Қазақстан халқының 38 пайызын құрайды», деді С. Нокин.

Жиынды қорытындылай келе, Үкімет басшысы еліміздің азаматтық қорғанысын қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін әлі де әлемдік озық тәжірибелер зерделене түсуін тілге тиек етті. «Мәселен, мен бүгін Үкімет отырысына әзірлену барысында азаматтық қорғаныс саласы бойынша әлемдік тәжірибелерді бір шолып шықтым. Әлемнің кейбір мемлекеттерінде негізгі кәсібі азаматтық қорғанысқа қатысы жоқ, әртүрлі мамандықтағы азаматтарды өртке қарсы қызмет бойынша сертификаттау тәжірибесі жүргізіледі екен. Яғни, ондай азаматтар арнайы курстардан өтіп, ерікті түрде өртке қарсы қызметтерді жұмыс істей алады», деген Үкімет басшысы, бұл мәселеге қатысты Төтенше жағдайлар министрінің пікірін сұрады. Өз кезегінде министр Владимир Божко бұндай шара өрт қауіпсіздігі үшін үлкен резерв болатынын айтып, шетелдіктердің осы тәжірибесі зерделенгенін де алға тартты. «Мәселен, Францияда өрт сөндірушілердің жартысынан астамы еріктілер. Әрине, бұл санаттағылар белгілі бір жеңілдіктерге ие, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған әрі оларға белгіленген мөлшерде зейнетақы да тағайындалады. Және бұл аса құрметті мамандық болғандықтан да ондай іске жұртшылыққа сыйлы, беделі бар азаматтарды қабылдайды», деді В. Божко. Осыған байланысты Үкімет басшысы мәселенің мәнісін жете талқылауды жүктеп, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. «Менің ойымша, бұндай жұмысқа барғысы келетін еріктілер көп. Дамыған елдерде де бұл үлкен сұранысқа ие. Біз де осы бағытта жұмыс атқаруға тиіспіз», деді К. Мәсімов.

Сонымен бірге, селекторлық кеңеске жалғасқан Үкімет отырысында Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған машина жасау саласын дамыту бағдарламасы мақұлданды. Бүгінгі күні еліміздегі машина жасауға қажетті бөлшектер сырттан импортталатыны белгілі. Ал Үкімет әзірленген жаңа бағдарлама осындай кемшіл тұстарды қамтитын болады. Жалпы, бағдарлама бойынша, Өскемен қаласында машина жасау саласына қажетті кадрларды дайындайтын өңірлік орталық салу да көзделеді. Онда бір мезгілде 700 маман даярланады. «Сонымен қатар оның аясында жалпы сомасы 159 миллион 555 мың теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар жеңіл автомобиль, вагон, электровоздар, ауыр техникалар құрылысын қамтиды. Нәтижесінде 2014 жылға қарай еңбек өнімділігі - екі есе, ал өндіріс көлемі 2 миллиардтан 4 миллиард долларға дейін өспек», деді жиын барысында бағдарламаның таныстырған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау.

* * *

Осы аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі 7-ші кеңестің отырысы болып өтті. Жастар жиынында бұған дейін де қоғамның талқысына кеңінен ұсынылып келген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы жайында сөз болды. Бағдарлама жобасын әзірлеуші тарапынан сөз алған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, қазіргі күні еліміздегі тілдік ахуалдың біршама жақсарып келе жатқанын алға тартты. Мәселен, Білім және ғылым мимнистрлігінің мәліметтеріне сенсек, 2010 жылы 2000-шы жылмен салыстырғанда балабақшаларда қазақша тәрбиеленіп жатқан мектепке дейінгі балалар саны 25,8 пайызға өсіп, 19,9 мыңнан 151 мыңға дейін жеткен. Жоғары оқу орындарында қазақша оқитындар саны 2001-ші жылдан 2010-шы жылға 28,3 пайызға артып, 162 мыңнан 303 мыңға жетіпті. «Бұл екпінге жақында дайындалған тілдерді дамыту туралы жаңа бағдарлама келіп қосылды. Бағдарлама еліміздің ертеңі - жастардың қолдауымен іске асатын шаруа. Себебі бұл - жастарға арналған бағдарлама. Қазақта «қанша тіл білдің, сонша өмір сүрдің» деген аталы сөз бар. Өзге мемлекеттің тілін үйрен. Ол сені өзгемен теңестіреді. Алайда ана тіліңді білуің қажет», деген министр жастарды мемлекеттік тілді құрметтуге шақырды. Сонымен бірге, қазақ тіліне кейбір адамдардың, әсіресе жастардың арасында мұрынын шүйіріп қарайтындар бар екеніне қынжылыс білдірген М. Құл-Мұхаммед, «шынтуайтына келетін болсақ, жер бетіндегі түркі тілдес халықтардың саны 200 миллионға жуықтады. Түркияның өзінде 70 миллионнан астам. Сол бүкіл түркі халықтары тілінің, әдеби тілінің нормасы Қазақстанда, қазақ тілінде сақталған. Өйткені біздің тіліміз таза түркілік табиғи қабілетін, қасиетін сақтап отыр», деп баса айтты. Демек, бұдан шығатын пайым қазақ тілін білетін адам жер бетіндегі 30-ға жуық түркі тілдерін, яғни Сібірдегі якут тілінен бастап, Алтайдағы тыба тілін, Еуропадағы гагауыз тілін, не болмаса Балтық маңындағы қарайым тілдерін жақсы түсіне алады деген сөз. «Жер бетінде 6 тәуелсіз түркі мемлекеті бар. Соның барлығындағы мемлекеттік тіл - түркі тілі болып есептелінеді. Демек, сіздер қазақ тілін білетін болсаңыздар, 200 миллион тілде сөйлетін халыққа кілт табасыздар. Екіншіден, бұл сіздердің ана тілдеріңіз. Үшіншіден, қай ұлттың өкілі болсаңыз да қазақ тілі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ендеше бұл тілге деген құрмет осы бағдарламаны оқып үйренуден басталады», деп қорытты сөзін Мәдениет министрі. Кеңеске қатысып отырған жастар бағдарламаның сәтті жасалғанымен, оны түсіндіру, насихаттау жұмыстарының кемшіл екендігін айтады. Мәселен, Қазақстан жастар конгресі заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директорының міндетін атқарушы Ш. Байманов жалпы сауалнама жүргізу кезінде жастардың 14 пайызы тілдерді дамыту бағдарламасының жасалып жатқанынан бейхабар екендігін жеткізген.

Жиын қорытындысына сәйкес, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мәдениет министрлігіне ағымдағы жылғы қазанның біріне дейін түскен ұсыныстар мен пікірлерді ескере отырып, бағдарлама жобасын Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды. «Жастар саясаты аясындағы тіл мәселесі ең маңызды болып отыр. Келесі аптада біз Үкіметтің арнайы отырысында білім беру саласына арналған мәжіліс өткіземіз. Осы екі мәселе бір-бірімен қабысуы шарт», деп қорытты сөзін К.Мәсімов.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік, кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру. Үкіметтің мақұлдауынан кейін, құжат қабылданып жатса, оның орындалуы тікелей Мемлекет басшысының қарауында болады.

Соңғы жаңалықтар