Құқық бұзған шетелдіктер міндетті түрде елден шығарылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында құқық бұзған шетелдіктерді міндетті түрде ел аумағынан шығару ұсынылып отыр.

Бұл туралы Әділет министрлігінде Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде миграциялық ағын өте көп және Қазақстанға келетін шетелдіктердің қарасы қалың. Олардың арасында құқық бұзушылыққа жол бергендер жауапқа тартылып, айыппұл тағайындалады. Кейіннен олар осы айыппұлды төлемегені және ел аумағынан шығарылмағаны анықталады», - деді Б. Дембаев тиісті заң жобасының тұжырымдамасын таныстыру барысында.

Сондықтан қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, елден тысқары шығару негізгі әрі қосымша жаза ретінде болуы керек деген шешім қабылданды.

«Яғни шетел азаматы құқық бұзушылыққа жол берсе, оны біздің мемлекеттен шығарып жіберу түріндегі міндетті жаза ескеріліп отыр», - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

Айта кетейік, бүгін комиссия отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының тұжырымдамасы қаралды. Осы орайда қылмыстық заңнаманы жетілдіру аясында бірқатар жаңалықтар енгізіліп отыр.

Соңғы жаңалықтар