Құқығы бұзылған қазақстандық балалар енді БҰҰ-ға шағымдана алады

Автор:  
Әлихан Асқар

Құқығы бұзылған қазақстандық балалар енді БҰҰ-ға шағымдана алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқу-ағарту министрлігі «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарламалар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын әзірледі. Құжат Ашық НҚА порталында жарияланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бала құқықтары туралы хаттама мен конвенцияға қатысушы мемлекеттер нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де нанымдарына, ұлттық, этникалық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік жағдайына, жай-күйіне қарамастан, өз юрисдикциясындағы әрбір бала үшін онда көзделген барлық құқықтарды тең таниды», - делінген құжатта.

Сонымен бірге осы келісімге сай, құқығы сақталмаған балалардың өзі немесе олардың ата-анасы Біріккен Ұлттар Ұйымының бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағым түсіре алады.

«Жобаның мақсаты - балаларға және олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне) БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы комитетіне баланың құқықтары туралы конвенцияда бекітілген өз құқықтарының бұзылуы туралы шағым беруге мүмкіндік беру. Егер бұл бұзушылықтар ұлттық соттарда толық шешілмеген болса, сондай-ақ тәуелсіз және бейтарап органдарға өтініштерді жолдау арқылы мемлекет бұзған баланың негізгі құқықтарын қорғау тетігін дамыту», - деп көрсетілген құжатта.

Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы 7 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.





Серіктестер жаңалықтары