Кукушкин мен Бублик жұптық сында Уимблдон турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жұптық Уимблдон турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп алғашқы айналымда үндістандық Леандер Паес пен франциялық Бенуа Пэрмен кездесті.

Аса тартысты өрбіген матчта алғашқы екі партияда үндістандық-франциялық жұп 6:4, 7:6 (7:1) есебімен жеңіске жетті.

Содан кейін Бублик пен Кукушкин 6:3, 7:6 (7:4) есебімен есе қайырды.

Бесінші сет те шиеленіске толы болды. Уимблдон турнирінде шешуші партияда тай-брейк ойналмайды, қарсыластар екі гейм айырмашылығымен жеңгенше, матч жалғаса береді. Есеп 7:6 болған мезетте қазақстандық теннисшілер қос бірдей матчболды пайдалана алмады. Дегенмен содан кейін матчты брейкпен түйіндеді - 9:7.

Бәсеке 3 сағат 25 минутқа созылды.

М.Кукушкин мен А.Бублик екінші айналымда колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль мен Роберт Фарахпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын, Галина Воскобоеваның жарысты сәтті бастағанын, ал Юлия Путинцеваның үшінші айналымға өте алмағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар