Қуғын-сүргінге ұшыраған бабаларын ақтауға қазақтар соншалықты асығар емес - Ибрагим Кленов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бүгінгі ұрпақтары, әсіресе қазақтар, осы күні мұрағаттардан іздеу салып, ата-бабалары туралы мәліметтер жинап, тіпті оларды ақтаумен айналысуға құлықсыздық танытып отырғандай. Бұл туралы Ақмола облысы прокурорының аға көмекшісі Ибрагим Кленов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Облыстық прокуратурада біраз жылдан бері қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесімен айналысып келемін. Алғашқы жылдарда ақталу жөніндегі құжат алу үшін өтініш берушілер қатары өте көп болатын. Қазір азайды. Оның өзіндік себептері де бар. Көп адамдар ақталды, енді біразы жастары келіп қайтыс болды және шет елдерге кетіп жатқандар бар. Биылғы жылы ақталу мәселесімен арызданып келгендер саны  80-ге тарта адам болды. Негізінен ақталу туралы өтінішпен келетіндер - поляктар, шешендер мен ингуштар, немістер, тағы да басқа кеңес заманында Қазақстанға күштеп жер аударылған ұлттардың өкілдері. Ал, өз тәжірибемде қазақтардың ақталу үшін арыз жазып келген жағдайы болмапты», - дейді прокуратура өкілі.

Оның айтуына қарағанда, бұған бірқатар себептер бар. Алдымен, саяси қуғын-сүргін құрбаны атанып, ақталу үшін жер аударылғаны немесе түрмеге қамалғаны туралы құжат көшірмесі болуы қажет. Ал, қазақтарды жер аударғанда Сібірге, яғни, басқа өңірлерге жіберді және олардың  балалары көп жағдайда ағайын-туыстың қолында қалған. Тағы бір себеп, сол қиын-қыстау заманда «халық жауының» баласы, не туысы атанбас үшін тектерін өзгертуге мәжбүр болғандар да аз емес.

«Осындай себептерден болуы керек, бізге ақталу туралы арызданып келіп жатқан қазақтар жоқтың қасы. Бұған сондай-ақ, «өткен өтіп кетті, қазіргі күнімізге шүкірлік етейік» дейтін қазақы түсінік те себеп болып отырған сияқты. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ұрпақтары мұрағаттардан іздеп, ата-бабалары туралы мәліметтер жинап, олар ақталды ма, жоқ па, ақталмаса ақталу үшін не істеу қажет деген жайлармен айналысуға  құлықсыздық танытып отырғандай», - дейді Ибрагим Кленов.

Ал нақты деректерге келсек, прокуратура өкілінің сөзіне қарағанда, 30-шы жылдардың басындағы ашаршылықтан қанша қазақ қайтыс болды, қаншасы басқа жаққа жер ауып кетті деген мәліметтер сақталмаған. Өкінішке орай, сол уақытта бұл туралы құжаттама жүргізілмеген. «Соның салдарынан аштықтан қанша адам  қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты белгісіз болып қалып отыр», дейді ол. 

Соңғы жаңалықтар