Қуғын-сүргін құрбандарының рухын ел-жұрт болып жаппай еске алу шарасы өтсе игі еді - Б. Жүнісбеков

None
None
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Астананың солтүстігіндегі Целиноград ауданының орталығы болып табылатын Ақмол ауылы қазақтың қасіретінен сыр шертетін бірден бір ескерткішке ие. Мұнда сонау сталиндік қасірет жылдарында, нақтырақ айтқанда, 1937 жылы НКВД-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР деген атаумен қалған азап орталығы орналасқан.

Қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін аса ауыр саналатын сол бір қасіретті жылдарды мәңгі есте сақтау мақсатындағы азапты нүкте орнына қазір «АЛЖИР» мемориалды мұражайы көтерілген. Мұнда сол нәубет жылдары «қызыл террордың» қанды тырнағы батқандардың ұрпақтары жыл сайын тәу етіп келіп тұратыны да сондықтан. Олар бір кездегі КСРО аясынан ғана емес, шартараптан да келіп жатады. Қасіретті аза тұту күніне орай тарихы мен тағылымын ұштастырған Алжир мұражайының директоры Болат Жүнісбековпен әңгімелескен едік.

- Кеңестік қызыл империяның қазақ же­рінде қалдырған нәубетінің бірі - осы АЛЖИР. Ендеше, әңгімені АЛЖИР тарихынан бастасаңыз. Мұнда қанша адам тұтқында болды?

- Алдымен ГУЛАГ-тың тарихына кел­сек, мұның өзі Орталық атқару комитетінің 1934 жылғы қаулысымен құрылғаны бел­гілі. Кейіннен елдің саяси сенімсіз аза­мат­тарын одан сайын тұқырта түсу мақсатымен 1937 жылы НКВД-ның бұйрығымен «ха­лық жауларының» әйелдерін, олардың туыс­тары мен балаларын да жер аудару аза­бы жүзеге асырыла бастады. Қараған­ды лагерінің 17-бөлімшесінің 26-шы нүк­тесі Ақмола өңіріндегі сол кезде Малиновка ата­латын елді мекенінде жасақталды. Ал мұнда тұтқын әйелдердің алғаш табаны тиген мерзімі 1938 жылдың 6 қаңтары еді. Бұл Арқаның қақаған қысы нағыз өз қаһарына мініп тұрған уақыт болатын. Ақ­мола өңі­ріне жөнелтілген жаңағы тұт­қындардың алғашқы легі, негізінен, «халық жаулары» мен саяси сенімсіз аталған ерлерінің арты­нан қайта-қайта іздеу салған әйелдері бо­ла­тын және итжеккенге айдамас бұрын, олар­дың басым бөлігін «өз күйеулеріңмен жүз­десетін болдыңдар» деп алдап жолға шы­ғарған екен. Кейбір естеліктерге қа­ра­ған­да, осы күнді сағына, сарыла күтіп жүр­ген­дердің бұған құлай сенгендері сон­ша­лықты - аяқ астынан тұтқыннан бір-ақ шық­қан­дардың басым бөлігі темір тордың ар жағына сол әдемі көйлектерін киген күйі айдалған. Сосын 18 шаршы метрлік ва­гон­дарға 60-70 адамнан тиелген көлік бір сәт­те-ақ жазықсыз жандарды Ақмо­ланың ыз­ғарлы топырағынан бір-ақ шыға­рыпты. Азапты АЛЖИР қызмет еткен нәубет ке­зеңінде түрлі этаппен қазақ даласына ай­далған 20 мыңнан астам «халық жау­лары» жұбайларының адам төзгісіз тағ­ды­ры осы тө­ңіректе өтті. Алдымен АЛЖИР-ге келіп, осы нүктеден басқа жаққа да бөлініп отыр­ғаны белгілі. Лагерьлерге ауысты­рыл­ған­дардан бөлек, жазасы жеңілдеулері де еркін қо­ныс­тану түріндегі режиммен осы төңіректе тұ­рақтады, кейіннен арнаулы аймақтарға кө­шіріліп отырды. Ал ондай көшірілгендер­дің қолдарына «№39 пас­порт» деген құ­жат берілетін. Мұндай «№39 паспортты» мәжбүрсіз иеленген азаматқа Кеңестер Ода­ғының 39 ірі қаласында болуына ты­йым салынды. Жоғарыда 20 мыңнан астам тұт­қын әйелдің табаны АЛЖИР-ге тиді де­сек, нақты осы азапты нүктеде өзінің кесіл­ген мерзімімен отырған тұтқын әйелдердің саны 3000-нан асады. Олардың дені 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айы­рыл­ды. 62 ұлттың өкілдерінен тұратын тұт­қын­дар болды.

- «Атақты тұтқындар» арасында кім­дер бар еді? Тұтқын әйелдер ара­сында атақты тұлғалардың жарлары да көп болды ғой...

- Иә. Атап айтсақ, лагерьде азапты өмі­рін өткізгендер қатарында сол кездегі әй­­гілі тұлғалар Тухачевская, Русланова, Пли­­­сецкая, Майлина, Рысқұлова, Се­ре­бря­кова секілді елге белгілі зиялы қауым өкіл­дерінің жұбайлары болды. Ешкімге қиянаттай жазығы жоқ жандардың арасында керемет дарындылары, жұртқа та­ны­мал болған азаматшалары да бар еді. Тіп­ті олардың не үшін азап нүктесіне айдалғаны белгісіз болып, жазықсыз үкімге ке­сілгені анық болатын. Мәселен, азап ла­ге­рінде болған Ханн Самойловна Мар­тин­сон өмірін өксікпен өткізді. Ол - тамаша дәрігер, өзінің мейірімділігімен мыңдаған адамның өмірін арашалап қалған адам. Сол секілді қазақ халық комиссарының әйелі Бикамал Сырғабекова да осында тұтқында болды. Сөйтіп, тозақ орталығында ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жа­зық­сыз жапа шекті. Одан да сұмдығы - мұнда бо­йына нәресте біткен аналарға да ме­йі­рім­ділік жасалмады. Темір тордың ар жа­ғында 1507 нәресте дүниеге келіп, олар­дың басым көпшілігі аштық пен суықтың құр­баны болды. Лагерь қабырғасында дү­ниеге келіп, тірі қалған нәрестелер үш жас­қа дейін осында азапты күндерін өткізсе, ар­тынан Қарағанды облысындағы Оса­ка­ров балалар үйіне жөнелтіліп отырған.

- АЛЖИР тұтқындары немен айн­а­лыс­ты?

- АЛЖИР-де ұсталған тұтқындардың не­­гізгі бөлігі мал шаруашылығымен шұ­ғыл­данды. Қой, шошқа, құс өсірді. Онымен қоса, бау-бақша өсімдіктерін өсірумен де ай­налысқан. Тіпті сол кезді көзі көрген аза­мат­тардың айтуынша, осында дүниеге кел­ген балаларға, олардың жас аналарына қант жетіспеушілігін болдырмау үшін әйел тұтқындар осы далада өсетін жабайы сиыр бүл­діргенін де көшіріп әкеп отырғызып, соны баптап өсірген екен. Лагерь маңына ұзын­нан арықтар қазылып, «алжирлік» тұт­қындар өз қолдарымен терек ағаштарын отырғызған. Тарихтың тар жолындағы за­ры терең талай тағдырларға куә болған сол теректер әлі бар. 60 жыл болған сол те­­рек ағаштарын нәубет кезіндегі «ал­жир­лік­тердің» көз жасының бірден-бір куә­герлері десе де болады.

- «АЛЖИР» мұражайында мәдениет мекемесі ретінде әртүрлі шаралар да жиі өтіп тұратын болар?

- Жалпы, «АЛЖИР» - жай ғана мәдени мекеме емес, жаңа айтылғандардан да байқаған шы­ғар­сыз, біріншіден, ол - мәдени-танымдық ор­талық, екіншіден, ол - ғылыми-талдау мен зерттеу орталығы. Сондықтан негізгі мақса­тымыздың өзі мұражайдың жарғысын­да жазылғандай, саяси қуғын-сүргін­дер­дің тамырына тереңдеп, олардың құр­ба­н­дарының тағдырына үңілу. Бір сөзбен айтсақ, осы бағыттағы жәдігерлерді жи­нап, толықтырып және талдап-таразылап, қол­дағы мұраны келушілерге жарқырата көрсету болып табылады. Осы жауапты мін­детпен ізерлей шұғылданар болсақ, ойын-сауыққа уақыт табыла қоймас. Пер­зенттік парызды дабыра шарамен шатас­тыр­масақ дейміз. Бірақ көпшіліктің басын қо­сып, ақылдасу немесе жазықсыз құр­бандарды есте қалдыру мақсатында ат­қа­рылар жұмыс өз алдына бір төбе.

- Мұражай бұдан бас­қа тағы қандай шараларды тұрақты өт­кізіп тұрады?

- Жалпы, мұражай өз күшімен жылына үш-төрт шараны атқарып, өткізіп келеді. Жә­не бұл - тек 31 мамырдың қарсаңында ғана емес, жыл бойына жоспарланған шаралар. Дегенмен мұражайдың атқарар міндетін алдағы уақытта жетілдіре түсуді ойластырып отырмыз. Оның ішінде ізденіс жұмыстарын жандандырсақ дейміз. Қазақтың соңғы ханы Кенесарыдан бастап, Алаш тұсындағы қайраткерлер, Кеңес Одағының кезеңіндегі тұлғаларды қамтып, 1986 жылға дейінгі саяси қуғын-сүргін көрген ұлттық қайраткерлеріміздің өмір­баяндарын ғана емес, соған қатысты мате­риал­дарды толықтыру міндеті сұралып тұр. Өйткені біздегі тарихи мәліметтер, та­лайлы-тағдырлы жәдігерлер әлі де шаң қа­уып жатқан тәрізді. Қасіретті кезеңнің өзінде «ұлтым» деп өткен ұландарды ел бо­лып ұлықтасақ екен. Сол үшін тарихи танымдық зерттеу жұмыстарын тереңірек қолға алатын бола­мыз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өзі­нің бір сөзінде: «Репрессия жылдарында аяу­лы да абзал азаматтарымыздың жойыл­ға­ны - большевизмнің бетіне басылар қа­ра таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытыл­май­тын қасіретіміз» деген болатын. Сон­дық­тан да ұмытылмайтын қасіретімізді ұр­пақ жадында мәңгіге қалдыру шара­ла­рын тереңдете түскеннің маңызы зор. «Өлі разы болмай - тірі байымайды» деген даналық сөзі бар. Заманында террорлықтың үлкен со­йылының астында қалған тағдырлар рухын ел болып, жұрт болып бір минут үнсіздікпен еске алсақ жарасар еді. Еврей жұрты өздерінің азалы күнін ерекше өткізеді. Бүкіл жұрт болып елде қаралы рәсімдер жасайды. Сондай Аза күні таңғы 10-да бүкіл еврей жерінде жым-жырт тыныштық орнап, бір минут үнсіздіктен соң сиреналар жамырайды. Ұлы қырғынға ұшыраған ұлтымыздың ұлан­дарын бір-екі күннің шараларымен шектелмей, жадымызда сақтап, біз де сол секілді жаппай еске алсақ дейміз.

Соңғы жаңалықтар