Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысымен айналысатын ғылыми институт құрылса -тарихшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 19 миллион азаматы күткен үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін комиссия құрылатындығын айтты. Мұны бүкіл ел болып қолдаймыз. Тарихшы әрі осы тақырыпқа жақын болғандықтан бұл күнді 30 жылға жуық күткен едік. Бұл шешім Тәуелсіз ел болғанымыздың, тәуелсіздігіміздің нығайғанының, тарихи санамыздың бір сатыға жоғарылағандығының көрінісі деп білеміз», - деді ғалым.

Оның айтуынша, жаңадан құрылатын комиссияның арқасында тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, 100 мыңдаған адам ақталып шығатын болады.

«Өйткені, 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға кейбір баптар кірмей қалды. Мысалы, егістік алқабында қалып қойған масақ дәнін жинағандар не болмаса кеңшардың қоймасынан 1 келі жем алғандар 5-10 жылға сотталып кетті. Олардың саны 50-60 мыңнан асып жығылады. Мұнан бөлек, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біраз қазақстандық тұтқынға түсіп қалды. Бүгінгі күнге дейін ақталмай отырған олардың да күні туды. Олар Гитлер әскеріне қолға түсемін деп емес Отанын қорғаймын деп соғысқа барды. Осы әскери тұтқындардың ақталуын балалары, ұрпақтары күтіп отыр», - деді институт директоры.

Зиябек Қабылдинов комиссия жұмысының нәтижесінде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысымен айналысатын ғылыми-зерттеу институт құрылуы тиіс деп санайды.

«Мұндай институт Украинада, Польшада және басқа да елдерде бар. Тіпті кейбір елде саяси қуғын-сүргін көрген адамдарды ақтаумен айналысатын министрлік те бар. Өкінішке орай, құқық қорғау органдарының архивтері жабық. Олардың бәрін ашу керек. Кейбіреулер «Сол кезеңдегі домалақ арыз жазғыштар жария болып кетеді. Солардың ұрпақтарына нұқсан келеді» деп санайды. Одан қорықпау керек. ҰҚК, Бас прокуратура, ІІМ архивтерін ашып, зерттеу қажет. Өйткені, біз кей кездері қуғын-сүргінге байланысты материалдарды Үкіметтің қаражаты есебінен көрші елдердің архивтерінен алып келеміз. Ал өзіміздің архивтерімізді ашса, ешқайда сенделмейтін едік», - деді тарихшы.


Соңғы жаңалықтар