+7 (701) 759 90 19
USD 425.95 EUR 495.12
RUB 6 CNY 66.6
Jańalyqtar

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Бұрын белгісіз деректерді жүйелеу жүріп жатыр

2021 жылғы 31 мамыр 06:30
Бөлісіңіз:
Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Бұрын белгісіз деректерді жүйелеу жүріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссияның жұмыс органы ретінде Білім және ғылым министрлігі бекітілген.

Ұқсас жаңалықтар
Өлкетанушы: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын тұтас ақтайтын құжат қабылдануы тиіс

Мемлекеттік комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы Жобалық офис құрылған, оның құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

Мемлекеттік комиссияның жүйелі жұмысын ұйымдастыру үшін еліміздің барлық аймақтарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Оларды өңірлер әкімдерінің орынбасарлары басқарады, құрамында ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері бар.

Атап айтқанда, мемлекеттік комисия елімізге белгілі тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің, Парламент дептутаттарының және мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұрады. Жалпы, комиссияның алдында бірнеше нақты міндеттер бар. Біріншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру мәселелері. Екіншіден, жазықсыз сотталған және саяси қуған-сүргінге ұшырағандарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу. Сонымен қатар жабық мұрағаттардағы қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесі де алда тұрған үлкен сұрақтардың бірі. Мұнан бөлек, еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша да ұсыныстар әзірлеу сияқты маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Комиссияға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жұмыс істейтін ғалымдар бекітілгенін айтқан еді.

«Білім және ғылым министрлігі осы мемлекеттік комиссиясының жұмыс органы ретінде бекітілді. Сондықтан алдымызда тұрған ең басты мәселенің бірі – ғылыми әлеуетімізді, ғалымдарымызды осы жұмысқа тарту. Осы мақсатта академиктер, ғылыми зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, еліміздің өңірлерінде орналасқан жоғары оқу орындарының қызметкерлері жұмылдырылып отыр. Негізі, 11 бағыт бойынша жұмыс топтарын ұйымдастырдық. Бұл 11 топта 57 ғалым жұмыс істеп жатыр», - деді министр.

Оның айтуынша, аталған ғалымдар біраздан бері осы проблемамен айналысып келе жатыр.

«Ғалымдар үшін тиісті жағдай жасап жатырмыз. Университеттерде істейтін ғалымдарды бөгде жұмыстан босатып, тек қана белгіленген міндеттерге кірісіп отыр. Аймақтарда да жұмыс топтары, комиссиялар құрылды. Бұл комиссияларға облыс әкімдерінің орынбасарлары, депутаттар, өлкетанушылар, ғалымдар, қоғам белсенділері қатысып жатыр», - деді А. Аймағамбетов.

Жұмыс топтары жаңа материалдарды ашады

Білім министрлігінің мәліметінше, Президент Жарлығын іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыс қабылданғаннан кейін, бірден дайындық және ұйымдастыру жұмыстарынан басталды. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірқатар санаттарын зерттеу бойынша жұмыс топтары құрылды. Жұмыс топтары әртүрлі бағыттар бойынша жаңа материалдарды ашуға бағытталған.

Олардың арасында дәстүрлі, бірақ соңына дейін зерттелмеген «Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың ақталмаған құрбандары және арнайы қоныс аударушылар бойынша жұмыс тобы» мен «НКВД ГУЛАГ-тің 26 лагерінде құрбан болғандар мен зардап шеккен ақталмаған қазақстандықтардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің ұсынымдарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы» бар.

«Бірқатар ғалымдар тобы бұрын аз зерттелген немесе мүлдем зерттелмеген тақырыптарды зерттеп жатыр. Мысалы, «Кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсынымдар дайындау жөніндегі жұмыс тобы», «1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша зерттеу, ұсыныстарды дайындау және енгізу жөніндегі жұмыс тобы» және т.б. Топтардың жұмысы іс жүзінде екі айдан астам уақыт ғана жүргізіліп келеді, бірақ олар көбінесе бірнеше ондаған жылдар бойы осы мәселелермен айналысқан, айтарлықтай жетістіктерге, жұмыстарға ие ғалымдар екенін есте ұстаған жөн, сондықтан олардың көпшілігі осы қажетті жұмыстың жаңа кезеңіне үлкен ынта-жігермен кірісті», - делінген ведомство мәліметінде.

Атап айтқанда, қазіргі кезде мұрағат басшылары мен олардың қызметкерлері мұрағаттардың өзінде жұмыс істеу үшін барлық мүмкіндік пен жағдайларды жасай отырып, ғалымдарға баға жетпес көмек көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда жабық қорлардың материалдарын мұрағаттарда құпиясыздандырудың өткір мәселесін жеке бөліп көрсету керек.

«Парадокс, бірақ Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы жоқ, 80-100 жыл бұрынғы құжаттар жиі құпияландырылған. Мұрағатта жұмыс істейтін және басқа елдердің осы саладағы тәжірибесін білетін ғалымдар талап еткендей, бұл мәселе бойынша біздің елімізде, басқа елдерде, оның ішінде Ресейде (А.Яковлев қоры) жарияланған, іс жүзінде бүкіл әлем үшін ашық құжаттардың материалдарын кезең-кезеңімен құпиясыздандыру қажет. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың шешімімен «Құпиясыздандыру жөніндегі кіші комиссияның» құрылуы қисынды болды, оның құрамына көрнекті мемлекеттік қайраткерлер мен ғалымдар, депутаттар мен министрлер деңгейіндегі лауазымды тұлғалар және бірқатар құқық қорғау органдарының бірінші орынбасарлары кіреді», - деп аталып өткен Білім министрлігінің ресми жауабында.

Кеңес өкіметі тарапынан кең ауқымды, жасанды түрде ұйымдастырылған ашаршылық тақырыбы жантүршігерлік құрбандыққа әкеп соқтырғаны, қазақтар санының жартысынан айрылып, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап өз Отанында өзінің ұлттық бірегейлігін жоғалтқан азшылыққа айналғаны, ерекше зерттеуді талап етеді. Сондықтан ғалымдар зерттеулерінде бұл трагедия да ескерілетін болады.

«Бұл бағытта әртүрлі елдердің мамандарын тарта отырып, нақты материалдарға негізделген, ғылыми тұрғыдан тексерілген, арнайы ауқымды зерттеу жүргізу қажет. Мүмкін, бұл деректер жабық мұрағаттарды қарау және зерттеу барысында пайда болады», - дейді Білім министрлігі мамандары.

Соңғы деректер бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында қазір нақты материалды, бұрын белгісіз дереккөздерді, деректерді және басқа да мәліметтерді іздеу және талдау, жүйелеу жүріп жатыр.

«Бірінші кезекте Президент Жарлықта қойған міндеттерді орындауымыз керек – заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық заңдылық және саяси тұрғыдан ақтау. Содан кейін осы деректер негізделген базада ғылыми еңбектер де, көркем шығармалар да, фильмдер пайда болуы мүмкін», - делінген ведомство хабарламасында.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT