Қуғын-сүргін құрбандары көбінде заңның қай бабымен атылып, сотталған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірлік комиссиялармен семинар өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семинарда «Қазақстан шаруаларына қатысты большевиктік-сталиндік биліктің күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, күштеп ет және астық дайындау және басқа да саяси науқандары барысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» тақырыбы көтерілді.

Оған мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, мамандар, еріктілер қатысты.

Семинар модераторы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов куғын-сүргін күштеп ұжымдастыру кезінде, астық, ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауда, салық салу мен мәжбүрлеп отырықшыландыру және басқа да күштік науқандар барысында жүргізілгенін атап өтті.

Оларға Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары қолданылған.

«Азаматтық құқықтарды бұзуда заңдылық көрінісін жасау үшін большевиктік-сталиндік билік тез арада Қылмыстық кодекске репрессивті баптар енгізген. Қазақстандықтар мына баптар бойынша жиі сотталды – 60, 61, 73, 102, 107, 127, 135 және сол кезде Қазақстан аумағында күшінде болған 1926 жылғы РФСФР Қылмыстық кодексінің басқа да баптары қолданылған. Мемлекеттік комиссияның жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялар қуғын-сүргін құрбандары қудаланған басқа да баптарды анықтауы тиіс. Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының комиссиясы анықтаған жекелеген фактілер бойынша ғана мәжбүрлі түрде астық, ет және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау барысында 56 мың 498 адам әкімшілік-қылмыстық жауапқа тартылған, оның ішінде 34 мыңнан астам азаматымыз сотталды. Қазрайкомның бұрынғы басшысы Ф. Голощекин тек дайындау науқаны бойынша 1928 жылдың қазанынан 1929 жылдың 1 желтоқсанына дейін сот желісімен 125 адам, ОГПУ желісі бойынша – 152 адам атылғанын баяндады», - деді Сабыр Қасымов семинардың ашылуында.

Оның айтуынша, қазір Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар мен топтардың алдында ауқымды міндеттер тұр.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін күштеп дайындау жылдары қанша адам атылды, бүкіл қазақстандықтардың қаншасы қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды – қанша адам соттардың және соттан тыс органдардың үкімімен сотталды, қаншауы күштеп дайындау жүргізілген жылдары қоныс аударды? Процестік құжаттар рәсімделмеген, яғни қылмыстық және әкімшілік істер және тағы басқалар ашылмай азық-түлік дайындау науқандары бойынша қуғын-сүргінге іліккен, зардап шеккен қазақстандықтарды анықтау қажет», - деді С. Қасымов.


Соңғы жаңалықтар