Құдықта алты күн жатып аман қалған қазақтар оқиғасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осыдан біраз бұрын әлемнің халықаралық ақпарат агенттіктері Индонезияның Бали аралында құдыққа құлап, алты күн жатып аман қалған британдық турист жайлы жарыса жазды. 29 жастағы Жейкоб Робертс Пекату ауылында 4 метрлік құдыққа құлап, аяғын сындырып алған. Өздігімен өрмелеп шыға алмай әбден қиналған көрінеді. Көмекке шақырған айғайды тек алтыншы күні ғана өтіп бара жатқан жергілікті тұрғын естіп қалып, британдық бір өлімнен қалған екен.

Дәл осыған ұқсас оқиғаны шет елдегі қазақ тілінде жарық көретін басылымдарға шолу барысында кезіктірген едік. Өзбекстанның Науаи облысы Тамды ауданындағы бұл оқиға осыдан 84 жыл бұрын болған. Ағылшын турисі құрғап қалған тереңдігі төрт метр болатын құдықта алты күн жаста, Тамдыдағы оқиғада екі кісі бірдей 30 метрлік құдықта қалып, оны құтқаруға үш жүзден аса адам жұмылдырылған екен. Осы оқиғаны да оқырманға баяндап жеткізсек деп едік.

«Тамды шаруагері» газетіне мақала жазған автордың жазуынша Қуандық пен Қайыпназар атты екі кісінің басынан бұл оқиға 1936 жылы 27 сәуірде Тамды ауданы «Теңдік» колхозының «Қарасақал» құдығында өткен. Сол жылдары мал басы өскен сайын байлардан игерусіз қалған құдықтарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алыныпты.

Байком деген малшы сол құдықты иеленіп, ақыр, астауын, құдықтың шегенін жамап түзейді. Құдықтың тереңдігі 30 метр, оның 15 метрі соқ, ал жоғары 15 метрі баялыш, қандыммен шегенделген. Соқ дегеніміз – құдықтың суға жақын төмен тұсы, табиғи су шайып престелген ол өте қатты болады. Ал жоғары жағы ыспа құм болғаны үшін, қоянсүйек, баялыш сияқты бұталармен шегенделіп, құмды тоқтатады.


Сол күні Қуандық құдық басында шығырмен қауғаға ие болып тұрады. Ал Қайыпназар қауға тартқан түйеге мінеді. Ақыр астау суға толып, келген түйелер суға қанып, қайта өріп жатқан уақыт еді. Бір тайлақ ойнақтап құдық басында итініп келгенде құдықтың айналасы опырылып құлап кетеді. Құлаған тайлақ, қауғамен қосыла құдықтың соққа жақын жеріне барып тіреліп қалады. Сосын құдыққа түскен тайлақты жіліктеп сойып аламыз деген оймен көпшілік ұйғарымымен Қуандық пен Қайыпназар пышақтарын сайлап белдерін арқанмен байлайды. Тепкіршекпен жайлап тайлаққа жеткен кезде шіріген шеген бұталар шыдамай үзіліп кеткен екен. Төбеден құм сусып құйылып, опырылып кетеді де екеуі құдықтың түбінде тар қапаста толассыз аққан құм астында қалады. Сырттағы жұрт құдыққа жақындай алмайды. Құм сусып, не істерін білмей ел дал болады.

«Бір мүрдеге көмілдік, бізді бұдан аршып алар күш жоқ» деп ойлап, екеуі көз жас төгіп, құдық түбінде қалады. Ал сырттағы жұрттың әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң, амалы құрып, үшінші күні үй ішіне хабар беріп, сүйек болмаса да сыртай екі кісінің жаназасын шығарады. Құдажолы ас беруге дайындалады. Алайда сол күні жақын маңдағы шөп дайындау бригадасынан көнек Айжарық Құлманов деген жігіт құдық құлаған екі адам жайлы ауданға хабар береді. Аудан басшылары Пахриддин мен Базар Жүсіпов сол кездегі милиция бөлімі бастығы Құрбан Шоқанов пен жастар одағы аудандық Кеңесінің бастығы Мамыр Сатановқа құдықта, қапаста қалғандарды құтқару бойынша тапсырма береді. Мамыр Сатанов басшылығында аудандық ішкі істер бөлімі және жастар одағы аудандық Кеңесінің бюро мәжілісін өткізіп, қапаста қалған құдықшыларды құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мәселе көріледі.

1936 жыл мейрамы қарсаңында аудан орталығында үлкен көкпар болып жатқан екен. Көкпаршылар болған жағдайды түсініп, жәрдемге бару керектігін айтқанда ешқайсысы бас тартпай «Қарасақал» құдығына аттанады. Оларға аудан орталығынан 10 атты милиционер мен сол құдыққа жақын маңда шөп дайындап жатқан 137 адам да қосылады. Аудандық жер бөлімі бастығы Өрқараев бастаған бір топ кісілер де қатарға қосылып, құтқарушылардың жалпы саны 270-ке жетеді. Бұл – сәуір айының 30-ы күні еді. Құдықтың ішіндегі екеуінің ас, сусыз, ауасы да аз тар қапаста жатқанына 3 күн өткен болатын.

Соншама адам, көліктерді басқару, құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, оларды жатар орын, ас-сумен қамтамасыз ету оңай шаруа емес еді. Ең бастысы – құдықтың басына барудың қауіптілігі болатын. Өйткені құм сусып ағып, құдықтың маңына адам жақындатпайды. Не істемек керек? Көпшілік ұйғара отырып: құдық басына қауға түйе қатынаған бәйге арқылы тынымсыз су себу керек деген шешім қабылданады. Осылайша тез арада 50 түйе жинап, 100 бөшкемен тоқтаусыз су себу арқылы құмды шығару секілді үздіксіз жұмыс басталды. Әрекетке берекет дегендей дәу шұңқырды айнала жол салынып, 40 метр болатын апан қазылды. Тынымсыз күштің арқасында қазылған ор жайлап соққа да жетеді. Соққа барған соң, жұмыс жеңілдеп, біртіндеп құлаған шеген де алына бастайды. Ал құдық ұңғысына кептелген бұталардың шегенін-шымын алып болған кезде «тынышталыңдар» деген ащы айқайдан соң, айнала тып-тыныш тына қалыпты. Жұмысшылар жұмыс көлігі – түйелерді алысқа алып кеткен еді. «Дыбыс бар» деген кезде сол төңіректе қызмет еткен 300-ге жуық адамның қуанышын айтып жеткізу қиын еді.

«1936 жылдың 2 мамырында түстен кейін екі құдықшының қапаста ас-сусыз жатқанына 6 күн болған. Қуандық пен Қайыпназарды құдықтан шығарып алғандағы жағдай соншалықты аянышты еді. Өлімге мойынсынған екі азаматты құтқару кезінде Тамды халқы бір адамның баласындай ұйымшылдық танытты. Құрбан Шоқанов бұл оқиғаны кезінде өлеңмен өріп жазыпты. Бұл шығармада сол кезде ауданда қызмет еткен біраз адамның аты жөні: Өтеу Жұматаев, Базар Жүсіпов, Серікбай Өрқараев, Жылқайдаров, Досанов, Қоңыртаев, Өрісбаев, Ідіріс Түлкіманов ақсақалдың аты-жөндері көрсетілген», деп аяқтапты автор мақаласын.

Міне тұтас бір өңірдің халқы бірлік танытып, азаматтарын ажал аузынан осылай аман алып қалған екен.


Соңғы жаңалықтар