Күдіктінің суициді: Жамбыл облыстық Полиция департаменті түсінік берді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат –Жамбыл облыстық Полиция департаменті Байзақ ауданының тұрғыны Дмитрий Мингалимовтың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына қатысты мәлімдеме таратты. Онда суицидке полицейлерді кінәлаған ақпараттар шындыққа сәйкес келмейтіні айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жуырда БАҚ-та аталмыш оқиғаға қатысты ақпарат жарық көріп, онда марқұмның жұбайы Александра Мингалимова жолдасының өліміне полиция қызметкерлерін кінәлаған. «Жазықсыз жала жауып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді», - деген А.Мингалимованың жанайқайы әлеуметтік желіде талқыға түскен болатын. Алайда, облыстық Полиция департаменті азаматшаның құқыққорғау органдарына артқан айыбы негізсіз екендігін атап өтті.

Байзақ ауданының тұрғыны Дмитрий Мингалимов ағымдағы жылдың 31 наурызында сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін ұсталған болатын. Сотқа дейінгі тергеу барысында оның қылмысы жәбірленушінің және 4 куәгердің айғағымен, сондай-ақ жәбірленушінің денесіндегі дене жарақатымен расталған. Сонымен қатар, қылмыс орнында күдіктінің ұялы телефоны табылған. Күдіктіні тергеу әрекеттерінің барлығы заң шеңберінде оның қорғаушысының қатысуымен жүргізілген. Оның тұрақты тұратын жерінің, отбасының және кәмелетке толмаған екі баласының болуын ескере отырып, ол «келу туралы міндеттемемен» уақытша босатылған. Алайда, келесі күні Талас өзенінің маңынан, Сарыкемер ауылына жақын жерден Д.Мингалимовтың мәйіті табылған. Күдіктінің өз-өзіне қол жұмсағаны анықталды. Оқиға болған жерді қарау кезінде хат табылып, онда марқұм өз өліміне полиция қызметкерлерін айыптаған.

«Аталған оқиғаға қатысты полиция қызметкерлері тарапынан құқықбұзушылықтар анықталған жоқ, толық және объективті тергеу жүргізілді. Жамбыл облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы өзіне-өзі қол жұмсауға жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Марқұмның денесінен жұбайы айтқандай электрошокерлердің іздері, сондай-ақ тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданудан пайда болған дене жарақаттары анықталмады. Сонымен қатар, марқұмның қанында алкоголь табылды. Ағымдағы жылдың 30 маусымында тергеу қорытындысы бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Сонымен қатар, құзырлы органның хабарламасында ағымдағы жылдың 2 тамызындағы мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен мәйітті қосымша сараптамалық зерттеу үшін эксгумациялауды жүргізу қажеттілігі туралы, сондай-ақ қылмыстық істі тоқтатуды заңсыз деп тану туралы жеке шағым қанағаттандырусыз қалдырылғандығы айтылған.

Соңғы жаңалықтар