Күдіктілерді қамауда ұстау мерзімін қысқарту ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның құқық қорғау қызметін жетілдіру мен қылмыстық процесін реформалау бойынша арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы тұтқынға алу шарасы қолданылатын қылмыстар тізімін қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қамауға алу мен бостандықты шектеу ең қатаң бұлтартпау шарасы ретінде айрықша жағдайларда, өзге шараларды қолдану мүмкін болмағанда ғана қолданылуы тиіс. Егер адам қоғамға қауіпті болмаса, оны тұтқындаудың қажеті шамалы. Үйқамақ секілді өзге шараларды қолданған жөн», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, қылмыстық топ жасаған құқықбұзушылықтарды есептемегенде, бұл қысқартулар ең алдымен, экономикалық қылмыстарға қатысты болмақ.

«Экономикалық қылмыста күдікті атанғандарды тұтқындау қажет емес деп ойлаймыз. Дегенмен, бұл қылмыстар ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, мәселе қиындай түседі. Онда әрбір жағдайға жекелей қарауға тура келеді. Барлық тұтқындаулар мен барлық шаралардың алдын ала тергеу сәтінде қажетті айғақтарды алуы үшін жасалатыны анық. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта қамауда ұстау мерзімін қысқарту мәселесі туындап отыр», - деді ол.

Осылайша, күдіктіні қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту және ерекше жағдайларда 72 сағатқа дейін ұстау ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар