Күдікті Алматыда ұрлаған телефондарды астанаға келіп сатқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде мародерлік жасады деген 20 жастағы жігіт елордада ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы облысының 20 жастағы тұрғыны елордаға жеке такси қызметімен жеткен. Астанаға келген күні-ақ ол сауда орталықтарының бірінде «IРhone 13» маркалы ұялы телефонды 380 мың теңгеге сатқан.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Ұлы дала даңғылы бойындағы жалдамалы пәтерден тонауға қатысу күдігіне іліккен жігітті ұстады. Пәтерді тінту барысында Алматы қаласындағы «Белый ветер» дүкенінен ұрланған «IРhone 11», «IРhone 6» ұялы телефондары, «НР» маркалы ноутбук табылып, тәркіленді.

2022 жылдың 4 қаңтарында күдікті Алматы қаласындағы компьютерлік клубтағы жұмыс орнында болған. Танысынан жақын маңдағы «Белый ветер» дүкенінің талқандалғанын естігеннен кейін оның қоймасына барып, 4 дана «IРhone 11» және «IРhone 13» ұялы телефондарын және екі «НР» ноутбугын алып кеткен. Ұрлық жасалған күннің ертеңінде күдікті Алматыдан елордаға бет алған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұялы телефонды сатып алушы анықталып, одан «IРhone 13» алынды», - деп атап өтеді ведомстводан.

Полиция департаменті құнды заттар мен техникаларды сатуға қатысты күдікті ұсыныстардан сақ болуды ескертіп отыр. Сонымен қатар тауарды сатып алу кезінде қырағылық танытып, сатушыдан түбіртек пен кепіл талонын сұрауды, күдік туындаған жағдайда полицияға хабарлау қажеттігін қаперге салады.


Соңғы жаңалықтар