Құдасы құдағиын 5 жылға соттатып жіберген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы сот құдасы 5 жылға соттатып жіберген құдағиды ақтап алды. Бұл туралы бүгін  республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде  ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылордада екі жас ажырасып, құдалардың арасында араздық пайда болған. Кешегі құдалар бір-бірімен айтыса бастаған. Бір жағының жағдайы жақсы болуы керек. Сол екіншісіне «мен сені құртамын» дейді. Сөйтіп барын салып, таныстарын салып, органдарды тартып, бұрынғы құдағиын 5 жылға соттатады. Қалалық сот та, облыстық сот та көз жұмып қараған. Осы істі жақында Жоғарғы сотта қарап, ол кісіні ақтадық», - деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, сол істі қараған тергеушінің өзі сотталып кеткен. Өйткені ол жалған жауаптар жазған.

«Одан кім ұтты? Жастар ажырасты, құдалар бірін-бірі көрмеске айналды. Сотқа берген жақ абыройдан айырылды, ұятқа қалды. Қит етсе «сотқа беремін, құртамын, жоямын» дейтін жағымсыз әдет әлі де бар. Ол қара басын ойлаған, мәдениеті төмен адамдарға тән қылық. Нағыз жөнсіздік, әдепсіздік. Тіпті көргенсіздік деп те айтуыма болады. Одан жастарға қандай үлгі, қандай өнеге?», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Айта кетерлігі, Жақып Асанов судьяларды рейдерлік сызбаларға пайдаланатындығын да нақты мысалдармен айтып берген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар