Қуатты өңірлер жобасы толық орындалмады – Үкімет отырысы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының 2021 жылғы нәтижесін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба іске асырылуда.

Министрдің айтуынша, ұлттық жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр, олар – «Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» және «Көлік байланысын қамтамасыз ету», онда 4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс–шара айқындалған.

«Ұлттық жобаның 2021 жылға арналған іс-шаралары жалпы 1,5 трлн теңгеге қаржыландырылған, оның ішінде республикалық бюджет – 1,1 трлн теңге. Бұл соманың 1,4 трлн теңгесі немесе 93%-і игерілді. 2022 жылы ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 709 млрд теңге қарастырылған. Оның үлесі шамамен 40 процентке өсті. Бұл ретте, биылғы 1 тамызға шаққанда 528 млрд теңге немесе 30% игерілді», - деді Ә. Қуантыров Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ұлттық жобаны 2021 жылы іске асыру мынадай нәтижелер көрсеткен: тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90%-ке жетті, моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-тен 45,5%-ке дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ке дейін, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі – 80%-ке дейін өсті, 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды.

«Бұл ретте, 2021 жылға жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі орындалмаған, олар – тұрғын үйді пайдалануға беру, ҚР аумағы арқылы транзит көлемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны және «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер. Көрсеткіштердің толық орындалмауының негізгі себептері ретінде жобалардың қымбаттауы және жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуі, сондай-ақ COVID-19 аясындағы шектеу шаралары және тағы басқалар болып табылады. Биылғы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасуда», - деді Ұлттық экономика министрі.

Соңғы жаңалықтар