«Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы: 2022 жылы қандай проблемалар шешіледі
2021 жылғы 28 желтоқсан 09:00

«Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы: 2022 жылы қандай проблемалар шешіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өңірлік теңсіздік проблемасы бүкіл әлемде бар. Мұндай жайт Қазақстанға да тән. Сондықтан да елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленген. Жобаның басты мақсаты – республика тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешу. Өңірлердегі өткір мәселелерді шешу әдістері қалай өзгереді? 2022 жылы-ақ қандай нәтижелерге қол жеткіземіз? Бұл жайында ҚазАқпараттың сараптамалық шолу материалынан біле аласыздар.

Бір жобаға топтастырған 2 мембағдарлама

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты - базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Бұл үшін өңірлерді дамыту, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасында белгіленген бағыттар аталған ұлттық жоба аясына топтастырылған.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Өңірлік зерттеулер орталығының директор Қайсар Нығметовтың айтуынша, ұлттық жобалардың мемлекеттік бағдарламалардан тұжырымдамалық айырмашылығы бар. Яғни, ұлттық жобалар бюджеттен қаржыландыруда басымдыққа ие болады. Ал бұған дейін мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі индикативті түрде көрсетілетін және барлық уақытта бірдей ол мемлекеттік бюджетте қарастырылмайтын.

«Осыған орай ұлттық жобаларды қабылдаудың басты шарты – әрбір іс-шараның қажетті қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілуінің пысықталуы», - деді Қайсар Нығметов.

2021-2025 жылдары жобаны жүзеге асыруға 7 млрд 567 млн теңге жұмсалады. Оның 4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 785 млн теңгесі жергілікті бюджеттен алынады. Ал қалған 2 млрд 759 млн теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен болмақ.

Бұған қоса, ұлттық жобалар нақты міндеттер, көрсеткіштер, іс-шаралар мен жобалар жинақталған жинақы құжат саналады. Сондай-ақ ұлттық жобада жауапты орындаушыны, мемлекеттік органдардан, өңірлер мен квазимемлекеттік ұйымдарда қоса орындаушыларды көрсете отырып, белгіленген мерзімде нәтижелелерге қол жеткізуге дербес жауапкершілік жүктелген.

Айта кетерлігі, ұлттық жобаларға жүйелі мониторинг жүргізу мақсатында Ұлттық жобаларды мониторингілеу жөніндегі кеңсе құрылған. Кеңсеге ҚР Премьер-министрі жетекішілік етеді.

Жоба аясында ең алдымен қандай прблемалар шешіледі?

Ұлттық жобаның 2 бағыты бар:

І. Негізгі қызметтерге тең қолжетімділік

ІІ. Көліктік байланысты қамтамасыз ету

Негізгі қызметтерге тең қолжетімділік

Қайсар Нығметовтың айтуынша, ең бірінші кезекте ұлттық жобалар есебінен өңір тұрғындары үшін барынша өзекті мәселе шешілетін болады.

«Мәселен, бүгінде 1 млн-нан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның ішінде шамамен 770 мың ауыл тұрғыны және 280 мың қала тұрғыны бар. 53 қалада кәріз-тазарту құрылғыларын жаңғырту және салу қажет. Мұның үстіне ағынды суларды тазартумен қамту 70,5 пайызды құрайды», - деді Өңірлерді зерттеу орталығының диркторы.

Айта кетерлігі, инфрақұрылымды кешенді дамыту бағыты 16 мың шақырым сумен жабдықтау және кәріз желісін салу мен қайта құруды, 46 топтық су құбырын қайта құруды, 785 шақырым ағынды кәріз желісін және ирригациялық арық жүйесін жаңартуды; 7,7 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғырту және реконструкциялауды; 1 163 көпқабатты тұрғын үйді жөндеуге бюджеттік кредит беруді қамтиды. Осы көзделген мақсаттар жүзеге асырылған жағдайда 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге, қалалардағы ағынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі.

«Ауыл - ел бесігі» жобасын іске асыру жалғасып, ауыл ішіндегі 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым ауылішілік жол мен 1,5 мың әлеуметтік нысан салынады және жөнделеді. Олар: мектептер, балабақшалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер, мәдениет және спорт нысандары», - деді спикер.

Оның атап өтуінше, мұның барлығы тұрғындарға арналған негізгі қызметтерге кіреді.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының мәліметінше, бірінші бағыт аясында «Дипломммен - ауылға» бағдарламасына қаражат қарастырылған. Мақсатты топ – ауылды елді мекенге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешені саласының мамандары, ауыл, елді мекен, ауылдық әкімдік әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілері.

«Оларға баспана сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит қарастырылған. 2025 жылға дейін бюджеттік кредитті 22 мыңға жуық маман ала алады. 5 жылға жоспарланған кредиттеу сомасы – 110 млрд теңге», -деді орталық директоры.

«Жайлы тұрғын үй» міндетін шешу үшін мақсатты топқа кіретін 185,1 мың адамға жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үй жалдау шығындарын субсидиялау, 102,3 мың әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй салу, 25 млн шаршы метр тұрғын үй салу сияқты қолдау іс-шаралары жүзеге асырылады. Жұмыс істейтін жастарға арналған мың тұрғын үй, сонымен қатар ауылдық жерлерде өз жұмысшыларына үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу көзделеді. 235 мың жер учаскесі жаңа тұрғын үймен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Өңірлердің көлік байланысы

Ұлттық жобада облысішілік, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтары арасындағы ішкі көлік желісін дамытып, өңірлердің өзара байланысын арттыру және аумақтардың сыртқы байланысын күшейту көзделеді.

«12 мың шақырым жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен 25 мың шақырым республикалық автомобиль жолын жаңғырту аяқталады. Жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым автомобиль жолдарын салу және жөндеу есебінен олардың қанағаттанаралық жағдайдағы үлесі 95 пайызға дейін артады», - деді Қайсар Нығметов.

Сонымен қатар жоба аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының барлығын ұлттық стандартқа сай келтіру жоспарланған. Яғни олардың саны 1,8 мыңнан 2,3 мыңға дейін көбейеді.

Сыртқы байланыстарды күшейту және көлік әлеуметін дамыту мақсатында «Достық-Мойынты» темір жол тармағының екінші жолын салу және электрлендіру есебінен «Қытай-Еуропа-Қытай» бағдарының өткізу қабілетін 5 есе арттыру көзделген. Сондай-ақ Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін арттыру үшін «Дарбаза-Мақтаарал» темір жол желісі салынады. Ол жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Өңіраралық инфрақұрылымды және сыртқы байланысты дамыту мақсатында 5 әуежайдың инфрақұрылымы жаңартылады.

«Мұның барлығы 2025 жылға қарай транзит көлемін жылына 23,5 млн-нан 30 млн тоннаға, контейнерлер санын 876 мыңнан 1,6 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді спикер.

Төмендегі кестеде көрсеткіштер бойынша артта қалған өңірлерге, 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қатысты мәліметтер берілген. Кестеден келер жылы өңірлерде аталған мәселелерге қатысты ахуал қаншалықты жақсартылатыны көрсетілген.

Өңірлер

Проблема

2022 жылға арналған жоспары көрсеткіш

Халықтың сумен жабдықтау қызметімен қамтамасыз етілуі

Қостанай облысы

Ауылдарда барлығы 70%

73,3%

Қалаларда ағынды суларды тазарту деңгейі

Алматы облысы

55%

57,6%

Атырау облысы

54,1%

54,5%

Жамбыл облысы

0

0

Қарағанды облысы

72%

72%

Қызылорда облысы

55%

55%

Түркістан облысы

33%

48,3%

Алматы қ.

92,5%

92,7%

Шымкент қ.

54%

60%

Жалпы үйге арналған жылу және су өлшеу аспаптарымен қамту деңгейі

Ақмола облысы

60,9%

63,5%

Шығыс Қазақстан облысы

34%

38,5%

Жамбыл облысы

44,2%

49,6%

Батыс Қазақстан облысы

58,6%

61,1%

Қарағанды облысы

68,6%

77,9%

Қостанай облысы

52,7%

57,7%

Қызылорда облысы

51,8%

54,8%

Павлодар облысы

43,3%

48%

Солтүстік Қазақстан облысы

35,7%

42,9%

Пайдалануға берілген тұрғын жай ғимараттарының жалпы ауданы

Ақмола облысы

665

693,6

Шығыс Қазақстан облысы

647

685,2

Жамбыл облысы

651

689,4

Батыс Қазақстан облысы

586,7

621,3

Қостанай облысы

449

475,5

Солтүстік Қазақстан облысы

379

401,4

Нормативтік күйдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі

Батыс Қазақстан облысы

34%

39%

5 әуежайдың жерүсті инфрақұрылымын жаңарту (бірлік)

Батыс Қазақстан облысы

0

1

Қостанай облысы

0

1

Қызылорда облысы

0

1

Шымкент қ.

0

1

Моно- және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту (шақырым)

Ақмола облысы

685,9

1 197,5

Батыс Қазақстан облысы

777,6

847,7

Солтүстік Қазақстан облысы

648,0

716,2

Жаңартылған тірек және спутниктік елді мекендердің саны

(бірлік)

Ақмола облысы

27

46

Алматы облысы

41

94

Атырау облысы

16

22

Батыс Қазақстан облысы

16

31

Мәліметтерді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығы ұсынды.

«Ұлттық жобаны іске асырудың нәтижесінде негізгі қызметтермен, атап айтқанда сумен жабдықтаумен 100 пайыз және кәріз жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз ету есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы айырмашылық қысқарады деп күтіледі», - деді Қайсар Нығметов.

Толықтай алғанда, ұлттық жобаны жүзеге асыру қорытындысында 2025 жылы мыналар күтіледі:

- қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне 100 % қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне 100 % қолжетімділікті қамтамасыз ету;

- барлық қаржыландыру көздері есебінен 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету;

- қалаларда кәріз қызметтеріне 100 % қолжетімділікті қамтамасыз ет;

- ауыл тұрғындарын 90 % инфрақұрылымды жаңғыртумен қамтамасыз ету.

«Ауылдық жерлерде әсер барынша анық байқалады. Өйткені, инфрақұрылымның барлық түрлерін жаңғыртуға арналған инвестицияның басым бөлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бағытталады. Жалпы, қалалардағы инфрақұрылымға қатысты ахуал біршама жақсы. Дегенмен, ірі қалалардың төңіректерін аббанттандыру, жауын суына арналған кәріздерді жаңғырту, «ескі орамдарды» қайта жаңарту және апатты үйлерді сүру проблемалары шешіледі», - деп түйіндеді сөзін Қайсар Нығметов.


Jańalyqtar

MURAǴAT