Қуаттағышта тұрған телефоннан тоқ соғып, 15 жастағы оқушы мерт болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 15 жастағы оқушы қуаттағышта тұрған телефоннан тоқ соғып мерт болды. Қайғылы жағдай Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылындағы үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайғылы жағдай 26 қыркүйек күні түнгі сағат 22:00 шамасында болған. Тоқ соғу салдарынан 15 жастағы тұрғын мерт болды. Алдын ала болжам бойынша, қыздың ұялы телефоны қуаттағышта тұрған. Қазір арнайы сараптама тағайындалды»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Алматы облысында ұялы телефонын жанында ұстап ұйықтаған 9 сынып оқушысы қайтыс болды.

Полицияның ақпаратына сәйкес, 14 жастағы қызды қуаттағышта тұрған ұялы телефоннан тоқ соққан. Сол кезде Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі 9 сынып оқушысының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалмағаннын жеткізді. Себебі бұл факті оқыс оқиға ретінде тіркелген. Бірақ Қаратал ауданындағы Полиция бөліміндегілер тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.


Соңғы жаңалықтар