Қуат Раxимбердин: Сайлау заңнамасының жаңа нормалары демократиялық қоғамның дамығанына дәлел

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Заң ғылымдарының докторы Қуат Раxимбердиннің айтуынша, сайлау заңнамасының жаңа нормалары еліміздегі демократиялық қоғамның дамығанына дәлел, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ол Өскемен қаласында өткен «Сайлау-2021: маңызы мен ерекшеліктері» атты сарапшылар кеңесінің отырысында айтты.

«Қалыптасу мен дамудың ұзақ кезеңдерінен өткен сайлау құқығына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл ретте, сайлау заңнамасындағы жаңа нормалардың маңызы зор. Енді округтік сайлау комиссиялары таратылып, аумақтық комиссиялардың төрағалары, орынбасарлары немесе хатшылары тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл учаскелік сайлау комиссияларының сайлау науқанына дайындығын едәуір жеңілдетеді. Жаңашылдықтар учаскелік комиссияларды да айналып өтпеді. Ондағы мүшелердің саны округтағы сайлаушылар санына байланысты өзгеріп отырады», - деді Қуат Раxимбердин.

Оның айтуынша, жаңа заңға сәйкес үміткердің жұбайы және жақын туыстары сайлау комиссияларының құрамына кіре алмайды.

«Ең негізгі өзгерістердің бірі – сайлауда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаның берілуі болып отыр. Нәтижесінде билік басында жаңа көзқарастар, ерекше бастамалар пайда болады. Сонымен қатар сайлау партиялық тізім бойынша өткізілмек. Осылайша партиялар түрлі кандидаттардан тек кіл жүйріктерді іріктеп, сайлауға жібереді. Бұл партия билік пен қоғам арасындағы дәнекер іспетті болады деген сөз. Қорыта кетсем, Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізуі еліміздегі демократиялық қоғамның дамығанына дәлел», - деді заң ғылымдарының докторы.

Өз сөзінде ол жұртшылыққа белсенділік танытып, сайлаудан қалыс қалмауға шақырды.


Соңғы жаңалықтар