«Қуат» құрылыс компаниясының басшысы Храпуновпен қалай мәмілеге келгенін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта «Қуат» құрылыс компаниясының басшысы Олег Нам Храпуновпен қалай мәміле жасасқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компания басшысы Алматыда көпқабатты үй салу үшін ВикторХрапуновқа пара бергенін айтты.

Айыптау актісіне сәйкес, Виктор Храпунов «Қуат» құрылыс компаниясының басшысы Олег Намнан екі рет пара алған.

Өз кезегінде экс-әкім Гоголь-Панфилов пен Достық-Жолдасбеков көшелерінің қиылысында тұрғын үй салуға рұқсат берген. Ол үшін Храпунов компаниядан бірнеше пәтер мен бөлме алған. Сонымен қатар, үлестік құрылыс процесіне «қатысқан».

«2002 жылы 25 қарашада Нам Олег Храпуновтардың заңсыз талаптарын орындай келе жоғарыдағы мүліктерді пара ретінде берген», - делінген айыптау актісінде.

Олег Нам Достық көшесіндегі үйді салғанда Храпуновқа 5 пәтер сыйға берілгенін айтты.

«Жалпы аумағы 713 шаршы метр болатын 5 3-бөлмелі пәтер 48 166 мың теңгеге бағаланған. Қабылдау туралы келісімшарт «Swiss Kazakh Phoenix Holding» компаниясымен жасалған. 2006 жылы бұл пәтерлерді қайта сатып алуға рұқсат берілді. Бұл мәміле болатын. Оның заңды немесе заңсыздығы қаржы полициясының құзырында. Мен тек бизнестің мүддесін қорғадым. Егер мен сол пәтерлерді бермесем, тұрғын үй салуға жер де, рұқсат та ала алмас едім», - деді Олег Нам.

Сонымен қатар, мәміленің шарттары орындалмаған. Яғни, Лейла Храпунова үлескерлік құрылысқа қаржы салмаған.

«Үлескерлік қатысушы барлығы 55 млн 510 мың 245 теңгеге құжаттарды формалды түрде өткізген, бас мердігер қабылдап алған. Алайда, бұл қызмет көрсетілмеген», - делінген актіде.

Куәгер Лейла Храпуновамен кездескенін айтты.

«Қызметтік қарым-қатынаста болдық. Бар-жоғы 2 рет көрдік бір-бірімізді. Ол мені компания өкілдерімен таныстырды. Одан әрі барлық құжаттарға оның өкілдері қол қойды. Барлық қойылған шарттарды орындадық. Пәтерлер мен бөлмелер берілді. Бұл жерде бизнестің жұмысына нұқсан келді. Ешкім бизнеске мәміледен тыс ешқандай талап қоймауға тиіс», - деді Олег Нам.

Айта кету керек, мұның алдында Храпуновтардың ісі бойынша 9 куәгер сұралған болатын. Олардың қатарында Қуандық Бискультанов, Алтай Қасымов, Яков Заяц, Абай Сапаров, Серік Есмұқанов, Айяр Ильясов, Айнагүл Садықбаева, Абдул-Ғазиз Мұқашев, Абылайхан Қарымсақов, Ғабиден Қайымсұлтанов бар.

Соңғы жаңалықтар