Қуат Домбай: Қазақтың Марк Твендері қайда?

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алтын қалам» әдеби байқауының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қуат Домбай қазақтың Марк Твендері мен Чарльз Дикенстерін іздейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Әдебиет саласындағы «Алтын қалам» тәуелсіз байқауын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстандағы тұңғыш PR-мамандардың бірі Қуат Домбай қазақ әдебиетін дамыту үшін жанрларды, кітапты сату бойынша промоушнді қолға алу керек екенін айтты.

«Қазір фантастикалық шығармаларға, жасөспірімдерге арналған әдебиет пен шытырман хикаяларға құрылған детектив, романдарға оқырман сұранысы бар екенін байқаймыз. Қазір қазақ әдебиеті жаңғыру сатысында тұр. Бізде әдеби сұранысты беретін интеллектуалдық орта бар. Мысалы, мектеп бағдарламасында қазіргі қазақ әдебиеті деген бөлім бар. 20 ғасырдағы емес, 21 ғасырдағы қазақ әдебиеті керек мектепке. Қазақтың Марк Твені, Чарльз Дикенстері қайда? Қазақ детективтері қайда? Қазақ әдебиетіне промоушн керек, оны қоғамға жеткізе білу жаңа заман талабы. Біз «Алтын қаламды» ұйымдастыру арқылы осы олқылықтарды, жасөспірімдер әдебиетінің авторларын іздейміз», - деген маман қазақ әдебиетіне мемлекет тарапынан қолдау жетіспейтіндігін тілге тиек етті.

«Мәселен, Үндістанда әдебиет саласында баспалардың барлығы салықтан босатылған. Мемлекет неге «жоқтан» ақша алуы керек. Мәселен, қазақ тілді кітаптан пайда жоқ болса, баспаларға 16 пайыз салық салудың қандай қажеті бар? Импорт кітаптардан салық алсын, ал бірақ қазақ әдебиеті саласындағы баспагерлерден не үшін салық алады? Мемлекет қазақ әдебиетінен қаржылық пайда көруді ойламауы керек. Мемлекет жағдай жасай отырып, қолдауы керек. Дегенмен, қазақ тілді кітаптарға деген сұраныс артып келеді. Қазақ тілді оқырман бұрын 300 теңгелік журналды сатып алса, қазір 2000-3000 теңгенің кітаптарын сатып алып оқиды», - деді Қуат Домбай.

Соңғы жаңалықтар