Қуаныш Жиенбай: «Мәдени мұра» - төл тарихымыздың жанашыры

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біз бастан кешіп жатқан қазіргі заман күн сайын өзгеріс үстінде, бүгінгі таңдай қағып таңырқағаның бірнеше сағаттың ішінде-ақ жаңалық болудан қалады. Ұшқыр уақытқа ыңғайланамыз амалсыз. Ал бұндай алмағайып уақыт арпалысында мерзімді баспасөздің күні қалай? Заман тынысына сай, өздеріне жүктелген тақырып аясына орай, хал-қадірінше оқырман сұранысын қанағаттандырып келе жатқан басылымның бірі - «Мәдени мұра-Культурное наследие» журналы. Журнал ҚР Ұлттық музейінің қаржысымен екі айда бір рет (орысша-қазақша) жарық көреді. Бір кездері елімізге белгілі қаламгерлер Дүкенбай Досжанов, Жарылқап Бейсенбайұлы басшылық еткен. Журналдың қазіргі бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби, халықаралық ПЕН-клуб сыйлықтарының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, жазушы Қуаныш Жиенбай мырза. Таяуда бас редактормен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттер сіздердің басты тақырыптарыңыз болар...

- Әрине, журналдың аты да айтып тұрған жоқ па?! Біз бұл тақырыптарды бұған дейін де талай мәрте қозғағанбыз, халқымыздың қанына сіңген мәдени мұрасы - біздің басты бағдаршам. Ал Елбасының мақаласы жұмысымызды жүйелеуге, жауапкершілікті күшейтуге, тақырып ауқымын кеңейтуге көмектесті. Биылғы бірінші санында осы тақырыптарды тереңірек қаузайтын бірнеше танымдық мақалалар жарық көрді. Әлем халықтары арасынан тұңғыш рет жылқыны қолға үйреткен - қазақтар. Бұл шындық ғылыми түрде әлдеқашан дәлелденген. «Ұлы даланың жеті қыры мақаласында» былай дейді: «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр - жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі»...

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Жылқыны қолға үйрету-адамзат өркениетіне біздің бабаларымыз қосқан ұлы үлес» атты мақаласы біз діттеген біраз жүкті көтеріп тұр. Мақала бұрын айтылмай жүрген тың деректерге толы. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Ұлы даладағы ежелгі өркениет» атты мақаласы оқырмандар тарапынан қызығушылық тудырары сөзсіз. Себебі, Арқайым туралы түсінік ғылыми тұрғыдан да, тарихи көзқарас тұрғысынан да әлі бір жүйеге түсе қойған жоқ. Жазушы-ғалым осы төңіректе әлемдік ойшылдардың ой-пікірлерімен санаса отырып, өз тұжырымын айтады. Және оқырманды да соған иландырады. Дәлелдері орнықты.

Біздің тұрақты авторларымыздың бірі - түріктанушы, белгілі қаламгер Әнес Сарай ағамыз. Әнес ағаның қоржыны қомақты. Сұрамасаң өздігінен ешнәрсесін ұсына қоймайды. Оған қолы да тие бермейді, жазушы күн сайын жазу үстөлінің үстінде. 25 томдық толық шығармалар жинағын буып-түйіп отыр. Сәлем бере барған боп шым-шымдап әңгімеге тартып, тың дүниесін «тартып» аламыз.

«Ежелгі Сарыарқа»! Өзіміз өмір сүріп жатқан ежелгі Сарыарқаның әу бастағы ата тарихы тым қызық. Және оған Әнес Сарайдан басқа пенденің «тісі» бата қоймайды. Ежелгі теміршілер Сарыарқа даласында қай ғасырларда өмір сүрген және олар металл қорытпаларын қалай пайдаланған? Есіл, Сілеті, Дамса, Шортанды, Қайрақты, Аршалы, Ерейментау, Өлеңті, Шідерті... қола дәуіріндегі Беғазы-Дәндібай мәдени ошақтарымен сабақтасады...

- Жақсы екен. Жақында Ұлттық музейдегі «Алтын адам» алты мемлекетке шеру тартты дегенді естіп едік...

- Алты мемлекетке емес, сегіз мемлекетке. Соңғысы Өзбекстанға барып қайтты. «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» жобасы 2021 жылға дейін жалғасады. Тәуелсіздігіміздің басты символына айналған «Алтын адам» - барша қазақ ардақ тұтатын асыл мұрамыз. Минск, Мәскеу, Баку, Қытай елінің Шэньси провинциясындағы тарих музейі, Гданьск, Корея ұлттық музейлері, Татарстан, Өзбекстан жұртшылығы «Алтын Адам» бойындағы алтын әшекейлерді жақыннан көріп, тамашалады. Журнал қызметкерлері осы шерулерге бастан-аяқ қатысады, есеп жариялайды. Келесі сандарда да осы дәстүрді жалғастыра бермекпіз.

Айта кетейін, биыл Ұлттық музейдің халыққа қызмет істей бастағандығына - 5 жыл. Бес жыл соншалық ұзақ уақыт емес. Осы жылдар ішінде миллиондаған қала қонақтары мен шетелдік меймандар музей экспонаттарымен жіті танысты. Ел тарихымен, халқымыздың сан ғасырлар бойы сақталған мәдени мұраларымен сусындады, жан әлемдерін рухани байытты, қазақтың кемел келешегіне анық көздерін жеткізді. Өзінің сәулеттік ғимаратымен, жәдігерлерінің бағалы байлығымен Ұлттық музей ресейлік Эрмитажбен, француздық Луврмен және американдық Метрополитен музейлерімен бір қатарда тұрғандығын әркез мақтаныш тұтамыз. Болмашы «әттеген-ай», кейбір замандастарымыз бен жастарымыздың түнгі клубтардың апта сайынғы қалта қағар «қызықтарына» алданып жүргендерімен іргедегі Ұлттық музейге жыл бойы бір төбе көрсетпейтіндері ғана жанға батады. Музейдің барлық көрме залдары туралы мәліметтер де журнал беттерінде.

- Елге белгілі жазушысыз, әсіресе Арал проблемалары, экологиялық тақырыпқа жазылған шығармаларыңызды жұртшылық жылы қабылдады. Журналдың шаруасы шығармашылыққа қолбайлау боп жүрген жоқ па?

- Олай деуім шындыққа жараспас. Қазір күн құрғатпай жазу үстөлінен тұрмастан, ақ қағазбен алысып жатқандарды көп байқай бермеймін. Жазудың да түрлі әдістері өзгерді ғой, ең бастысы, эстетикалық талғам өзгерді. Алдымен оқырман талабымен санасу керек болар. Әлемдік әдебиеттегі мойны озық үрдістен біздің де қалыс қалғымыз келмейді. Жазылған, жазылып жатқан тың дүиелер баршылық. Өткен жылы жарық көрген «Жер үстінде де жұмақ бар» романым туралы тұщымды пікірлер үнемі қанаттандырумен келеді. Орыс тіліне аударылды.

- Ендеше еңбегіңізге жеміс тілейміз, шығармашылықтың шыңын бағындыра беріңіз!

Әңгімеңізге рақмет. Сұхбаттасқан Махат Садық

Соңғы жаңалықтар