Қуаңшылықтан зардап шеккен түркістандық шаруаларға жеңілдетілген несие берілетін болды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Биылғы қуаңшылықтан зардап шеккен Түркістан облысындағы Сарыағаш пен Келес аудандарының шаруаларына қысқы мал азығын сатып алу үшін төмен пайызбен несие берілетін болды. Мұндай шешімді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшылығы мен бірқатар қаржы ұйымдарының өкілдері қабылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін екі ауданның шаруалары төрт түлігін қыркүйек айынан бері қорада ұстап, қолдан жем шөп беріп жатқанын айтқан еді. Осыдан кейін салаға жауапты басқарма басшысылары мен «Ырыс» қаржы ұйымы мамандары Әлімтау, Жамбыл, Бозай ауылдық округтерінің 100–ге жуық шаруасымен кездесті. Оларға алдағы уақытта берілетін несиенің шарттарын түсіндіріп, жылдық үстеме қаржысы 6 пайыздан аспайтынын жеткізді. Сондай-ақ мал ұстайтын азаматтарға қиындық туғызған несие алу үшін кәсіпкерлік сертификаты талап етілмейтінін атап өтті.

Айта кетейік, өңірдің ауыл шаруашылығы тарапынан ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басына Сарыағаш ауданы бойынша 112 АШТӨ-ге 170 606,5 мың теңге, Келес ауданы бойынша 106 АШТӨ-ге 233 164,5 мың теңге мемлекеттік қолдау қаржы (субсидия) берілген болатын.


Соңғы жаңалықтар