Куәлігін жоғалтқан СҚО тұрғынының атынан несие рәсімделмек болған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан интернет-алаяқтыққа қатысты 50 қымыстық іс ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта криминалдық полиция басқармасының мамандары интернет-алаяқтыққа қатысты бірнеше істі тергеп жатыр. Олардың барлығында алаяқтар зардап шегушілердің жеке куәліктерін пайдаланған.

Мәселен, облыс тұрғындарының бірі жеке куәлігін жоғалтып алған. Бірер күннен кейін ер адамға банктердің бірінің қауіпсіздік қызметінен хабарласып, дәл қазір оның атына несие ресімделіп жатқанын айтқан. Құжатын біреулердің заңсыз қолданып жатқанын түсінген тұрғын бірден полицияға қоңырау шалған. Банк қызметкерлері де оқиға орнына тәртіп сақшыларын шақыртты.

«Банк филиалдарынан заңсыз әрекеттер туралы хабарласады. Өйткені бұған дейін департамент пен екінші деңгейлі банктер арасында келісім жасалған болатын. Яғни, күдік тудырған жағдайда қауіпсіздік қызметі полицияны хабардар етеді және басқа банктерді ескертеді. Нәтижесінде біз күдіктілерді тез арада анықтадық», - дейді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Алаяқтар әлеуметтік желідегі парақшаларды көшіру арқылы да қылмыстық әрекеттерін жүзеге асырады. Зардап шеккендер әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған өз таныстары екеніне шүбә келтірмеген. Көшірме парақшаны пайдаланып, алаяқ түрлі сылтаумен ақша сұраған. Зардап шегушілердің бірі шағын қаржы ұйымынан несие алсын деп, жеке құжатының суретін жіберген. Тек кейін танысының ешқандай көмек сұрамағанын біліп, полицияға жүгінген.

Полицейлер алаяқтарға жем болмау үшін жеке құжат пен банк картасын және олардың көшірмелерін ешкімге беруге болмайтынын ескертеді. Ал интернет арқылы таныстарыңыз көмек сұраған жағдайда қоңырау шалып, анық-қанығына жеткен дұрыс.

СҚО-да жыл басынан полицейлер интернет-алаяқтыққа қатысты 50 қылмыстық істі ашты.

Соңғы жаңалықтар