ҚТЖ шенеуніктерінің пара сомасы айына бірнеше млрд теңгеге жетеді

2022 жылғы 8 желтоқсан, 17:59
ҚТЖ шенеуніктерінің пара сомасы айына бірнеше млрд теңгеге жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының жемқорлық тәуекелдеріне байланысты тергеу басталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы менеджментімен бірге жемқорлық тәуекелдеріне жүйелі сараптама жүргізілді. Бұл сала өте маңызды әрі соңғы 5 жылда осы салада 139 қылмыстық іс тіркелген. ҚТЖ, сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен жүргізілген жүйелі сарапатама нәтижесінде жемқорлық тәуекелдер анықталды. Қазіргі уақытта сараптама нәтижесі оларды жою жөніндегі ұсыным ретінде қалыптастырып жатыр», - деді Саян Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, жүктерді тасымалдау барысындағы жемқорлық сызба анықталған. Қазақстан темір жолы компаниясы шенеуніктері автоматтандырудың жоқтығын және құқықтық актілердің жетілдірілмегендігін пайдаланып, әкімшілік кедергілерді қолдан жасайды. Сол арқылы бизнеске вагон алу үшін пара беруге мәжбүрлейді.

Саян Ахметжановтың атап өтуінше, елімізде айына орташа есеппен ҚТЖ 400 мың жүк тиелген вагон қызметін үсынады. Ал бұл орайда заңсыз сыйақы мөлшері айына бірнеше млрд теңгеге жетуі мүмкін. Анықталған фактілер бойынша алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл проблеманы ҚТЖ басшылығымен, бизнес қоғамдастықпен талқылаған.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar