ҚТЖ өткен жылды рекордтық көрсеткішпен аяқтады

None
Геосаяси жағдайдың күрделенуіне, 2022 жылы дәстүрлі жеткізу тізбегінің өзгеруіне қарамастан, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өндірістік және қаржылық көрсеткіштердің оң серпінін қамтамасыз етті.

Пайдалану жүк айналымы 252 млрд ткм құраса, бұл 2021 жылғы деңгейден 5,3%-ке артық. Бұл Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, ҚР мен ҚХР арасындағы тасымалдар көлемінің тарихи максимумы – 23 млн.тоннадан асты (2021 жылмен салыстырғанда 15%-ке артық) орын алды. Контейнерлік транзит өткен жылмен салыстырғанда 6,0% - ға ұлғайып, 1 129 мың ЖФБ құрады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 14 млн. астам жолаушы тасымалданса, бұл алдыңғысына қарағанда 21,4% артық. Жолаушылар айналымы 29,7% артып, 12 353 млн. жолаушы- км. құрады.

14 жұп халықаралық пойыздың жүрісі қайта басталды. «Астана – Жезқазған» және «Алматы-2 – Жезқазған», «Астана – Қостанай» жолаушылар пойыздары іске қосылды. «Қонаев-Алматы» қатынасымен қала маңындағы пойыз тағайындалды.

Жылжымалы құрам паркін жаңарту, инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Stadler технологиясы бойынша 537 жолаушылар вагонын сатып алуға келісімшарт жасалды. «ALSTOM Transport SA» компаниясымен 245 электровозды жеткізу келісіміне қол қойылды. Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды.

Компанияның қаржылық нәтижесіне Үкімет пен «Самұрық-Қазына» АҚ қабылдаған қарыздарды қайта қаржыландыру және өтеу жөніндегі шешімдер оң әсер етті. ҚТЖ міндеттемелерінің «тұрақты» валютадағы үлесі 2019 жылғы 57% -тен 2022 жылы 30% -ке дейін төмендеді.

2021 жылмен салыстырғанда қызметкерлердің жалақысы 40% өсті.

Компанияға «Moody' s ESG Solutions» рейтингтік агенттігі А2 деңгейіндегі ESG жоғары рейтингін берді.

Сонымен қатар жылдан жылға жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымының тозуы артып келеді. Бүгінгі таңда инфрақұрылым өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуде, бұл тасымалдардың одан әрі өсуіне теріс әсер етеді. Жыл сайын орта есеппен 450-500 км темір жолға күрделі жөндеу, сондай-ақ ағымдағы ұстап тұру жұмыстары жүргізіледі. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелерде қозғалыс жылдамдығына шектеулер енгізілсе, бұл пойыздардың кешігуіне әкеледі. Компания жол бойында тоқтап тұрған пойыздардың санын азайту және отын-энергетикалық кешен кәсіпорындары үшін құрамдар қозғалысын жеделдету бойынша ұйымдастырушылық және технологиялық шаралар қабылдауда. Активтерді жаңарту мәселесін шешу үшін реттелетін тарифтің деңгейін қайта қарау бойынша уәкілетті органдармен жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысының ҚТЖ-ны транзиттік-логистикалық компанияға айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде тиісті жол картасы әзірленді. Сыртқы логистикалық нарықтарға шығуға қажетті ҚТЖ құзыреттерін күшейту жоспарлануда. Инфрақұрылымның өткізу қабілетін тежейтін учаскелерді болдырмас үшін күн тәртібінде – ірі жобаларды (Достық-Мойынты учаскесін жаңғырту, Дарбаза-Мақтаарал желісін, Алматы қаласын айналып өтетін айналма жолды және Бақты–Аягөз шекара өткелін салу) іске асыру.


Фото: «ҚТЖ» ҰК» АҚ
Соңғы жаңалықтар