ҚТЖ-ның жеті бірдей компаниясы аукцион арқылы неге сатылмай қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ өзіне қарасты компаниялардың активтерін, яғни еншілес кәсіпорындарын gosreestr.kz сайты арқылы сатуды көрсетеміз деп, бұқаралық ақпарат құралдарын шақырды.

Осы жолғы аукционға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жеті бірдей активі шығарылды. Алайда бірде-бір кәсіпорын сатылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағылшын әдісімен, яғни бағаны көтеру арқылы өткен аукционға «Бас-Балхаш 2004» ЖШС (бастапқы бағасы - 157 672 000 теңге), «Мак-Екібастұз» ЖШС (311 258 000 теңге), «Көліктің қызмет орталығы» АҚ (3 548 544 000 теңге), «Рауан Бурабай» ЖШС (161 335 000 теңге), «Магистраль-қызметі» ЖШС (350 261 000 теңге),«ҚазЭлектроПривод» БК» ЖШС (301 250 000 теңге) және «Өңірлік форвардтық логистика» ЖШС (853 691 000 теңге) шығарылды.

Аталған кәсіпорындардың ішінде Көліктің қызмет орталығы 3,5 млрд. көлеміндегі ең қымбат компания ретінде бағаланса, ең арзаны - «Бас-Балхаш 2004» ЖШС. Оның бағасы -157,6 млн. теңге. Дегенмен, тура сағат 10:00-де ашылған аукционның нәтижесі бойынша бірде-бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік сатылмай қалды.

«Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспановтың айтуынша, аукционға кем дегенде екі сатып алушы қатысуы тиіс. Онсыз gosreestr.kz сайтының жүйесі сауда-саттықты өтпеді деп тіркейді. Сондықтан бүгінгі аукционның өтпей қалғаны соған байланысты болуы әбден мүмкін. Дегенмен, сатып алушылар аукционның екінші кезеңі - голландтық әдіспен өтетін сауда-саттықты күтуі де ықтимал. Ж.Оспановтың сөзіне қарағанда, бүгінде аукционға қатысатын сатып алушылардың басым бөлігі, нақты айтсақ, 60 пайызы нысандар мен компанияларды голландтық әдіспен сатып алуға тырысады.

Алайда сарапшылар бүгінгі аукционның өтпей қалуының нақты себебін атады. Олардың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы сауда-саттыққа шығарған жеті компанияның барлығы дерлік пойыздарды жөндеу сияқты жұмыстарды толығымен атқарып шықты. Қазіргі кезде тапсырыс аз, тіпті жоқ деуге болады. Оны кәсіпкерлер де біліп отыр. Сол себепті ондай аквтивтерді сатып алуға асықпайды.         

 

Соңғы жаңалықтар