ҚТЖ-ның лауазымды тұлғалары пара алу күдігіне ілікті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының лауазымды тұлғалары пара алу күдігіне ілікті. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығының» директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол өзіне бағынышты Ақтөбе, Павлодар, Тараз және Қарағанды орталық филиалдары директорларының 1,7 млн теңге ақшасын қайтарымсыз негізде иеленіп, оларға аталған сомада материалдық залал келтіру арқылы өкiлеттігін терiс пайдалану күдігіне ілінді», - деді Арман Бердалин.

Оның айтуынша, күдікті кінәсін толық мойындады. Соған байланысты оны процестік ұстау қолданылған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіппен аяқталды.

«Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облыстық департаменті «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Қарағанды көлік оқу орталығы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ол делдал арқылы дәріс алушыдан сабаққа қатысудан босату үшін 30 мың теңге сомасында пара алды деп күдікке ілінді. Кінәсін толық мойындауына байланысты процестік ұстау қолданылған жоқ. Тергеу жалғасуда», - деді ол.

Жалпы оның дерегінше, ағымдағы жылдың басынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және оның бағынышты ұйымдарының жұмысшыларына қатысты 29 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеген. Күдікті ретінде 14 тұлға жауапқа тартылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар