КТ және коронавирусты анықтау тесті жайында нені білу маңызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Компьтерлік томографиядан қайдан өтіп, ПТР әдісімен тесті қай жерде тапсыруға болады? Дәл осы екі сұрақ бүгінде көпшілікті толғандырып отыр. Дегенмен, тәжірибе көрсетіп отырғандай көп жағдайда мұндай қадамдарға баруға көрсеткіштер мүлдем жоқ болып жатады. Аталған екі зерттеуден профилактикалық мақсатта өтудің неліктен қажеті жоқ және дәл осы зерттеулерді аса қажет ететіндер не істеу керек? Осы сауалдарға жауап беруге тырысып көрейік.

ПТР-тестілеу: Кімдер тапсыруы қажет

Ақылы тестілеу төңірегіндегі дүрбелең әлі де жалғасып жатыр. Өзінде COVID-19 диагнозының жоқ екендігіне сенімді болуы үшін зертханаларға ағылған халық қарасы қалың. Бұған қоса, біреулерге жұмыс орны коронавирустың жоқ екендігі туралы анықтама әкелуді сұраса, енді біреулерге тест тапсырмаса ешкім емдемейтіндігін және жағдайы ауыр болған кезде стационарға жатқызбайтындығын айтқан. Бірақ, клиникалық хаттаманы қоса алғанда, бірде-бір нормативтік-құқықтық құжатта мұндай шектеу қарастырылмаған. Дегенмен, факті факт күйінде қалады. Мұның барлығы да шын мәнінде тест тапсыру қажет адамдардың өмірін қиындатып отыр.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ПТР-тестілеуге жолдаманы тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымнан тегін алуға болады. Бірақ, бұған бәрінің бірдей құқы жоқ. ЖРВИ және өкпе қабынуы бар науқастарға, COVID-19-бен провизорлық және инфекциялық стационарға жатқызылғандарға, коронавирус жұқтырғандармен тығыз байланыста болғаны үшін 7 күнге оқшауланғандарға, клиникалық хаттамаға сәйкес медициналық бақылауға, амбулаторлық емдеуге алынған COVID-19 науқастарына тест тегін жасалады.

Алдын алу мақсатында ПТР тесті Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысымен айқындалған қауіпті аймақтан шетелдік әуе рейстерімен келгендерге, әскери қызметке шақырылғандарға, коронавирусқа ұқсас белгілері бар медицина қызметкерлерге тегін жасалады.

Ал қалған адамдардың барлығында тестіні ақылы түрде 15-16 мың теңгеге тапсыру мүмкіндігі бар. Бірақ, сіздің сол тест тапсыру кезегінде немесе сараптама тапсырғаннан кейін келесі күні коронавирус инфекциясын жұқтырып алмайтындығыңызға ешкім де кепілдік бере алмайды. Бұған қоса, үш ай бойы үздіксіз, тынымсыз жұмыс салдарынан зертхана мамандары арасында вирус жұқтырғандардың саны артып тұр. Ал бұл кадр тапшылығына түрткі болуы мүмкін. ПТР-тестін емханалар жанындағы арнайы мобильді бригадаларды үйге шақыру арқылы тегін тапсыруға болады. Мұндай бригадаларды тұрғындар тегін шақыра алады.

КТ - скрининг емес

Бүгінгі күні үрей толқынына іліккен жұрт ауру белгілері болмаса да жаппай компьютерлік томографиядан өтуге жанталасып жүр. Біріншіден, КТ - бұл скрининг емес. Бұл зерттеу үшін айтарлықтай күрделі көрсеткіш немесе симптомдар болса жеткілікті. Егер өкпе қабынуы болса, онда дене қызуы 38-38,5 градустан жоғарылап, тынысты тарылтатындай дымқыл жөтел, ентігу, кеуде тұстың күйіп бара жатқандай сезімі, бас ауруы, қан түкіру, тәбеттің жоғалуы, жүрек айнып, лоқсу, қан қысымының төмендеуі, тахикардия, бұлшық еттің шаршауы сынды белгілер байқалады.

Дегенмен, дәл осындай әдіспен зерттеу жүргізу қажеттігі туралы шешімді дәрігер қабылдайды. Томография иондалған сәулелерді пайдалану арқылы зерттеудің диагностикалық әдісі ретінде тиімді болғанымен теріс те салдары бар. Рентген сәулелері қан құрамына зиянды және оны өзгеріске ұшыратады. Егер зерттеу жүргізу барысында адам үшін бекітілген нормадан сәулеге шалдығу дозасы артып кететін болса, онда бұл жайт ағзадағы ауытқуларды өршітіп жіберуі мүмкін.

Соның салдарынан ересек адамдар оттегінің жетіспеушілігін туындататын лейкемия, тромбоцитопения, гемолиздік өзгерістер, эритроцитопения ауруларына тап болуы ықтимал. Егер диагностикалық тиімділігі дәл осындай барынша қауіпсіз әдіс пайдалану мүмкіндігі болса, онда дәрігер соны ұстанатын болады. Мәселен, егер рентгенді сараптама тапсырумен алмастыруға болса, онда өзіңді сәулелену тәуекеліне босқа ұшырату қажеті қанша.

Бұған қоса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 10-шы клиникалық хаттамасында құжатты әзірлеушілер өкпе қабынуын диагностикалау үшін КТ-дан бөлек, әрбір емханада бар және өкпенің зақымдануын көрсете алатын рентген-аппараттарын да қарастырған. Бүгінде бүкіл елімізде небәрі 135 томограф болса, рентген аппараттарының саны 3 мыңнан асып жығылады. Сондықтан да қажеттілік туындаған сәтте сіз қысқа ғана уақыттың ішінде диагностикадан өте аласыз. Ақшаңызды босқа жұмсап, денсаулығыңызға қауіп төндірместен бұрын жақсылап ойланып алғаныңыз дұрыс.


Соңғы жаңалықтар