КСРО төлқұжатымен жүрген атыраулық 58 жасында жеке куәлігін алды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – КСРО төлқұжатымен жүрген атыраулық Қазақстан Республикасының жаңа үлгідегі жеке куәлігін алды. Оның төлқұжатын жаңартпауына отбасылық жағдайы себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, КСРО төлқұжатын ауыстырмаған 58 жастағы Төремұрат Қамиев Индер ауданында тұрады. Оның ескі төлқұжатпен жүргеніне 29 жыл болған.

«Ер адамның жеке басын куәландыратын төлқұжатын 1993 жылдан бері ауыстырмай, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы кезінде берілген ескі үлгідегі төлқұжатпен жүргені анықталды. Сол себептен, 58 жастағы тұрғын Индер аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының қызметкерлеріне жүгініп, жеке куәлігін жаңарту жөнінде өтініш жасаған. Аталған азаматтың өтініші бойынша көші-қон қызметі тобының қызметкерлері оның Қазақстан Республикасының азаматтығына қатыстылығын анықтауды жүргізіп, жаңадан жеке басын куәландыратын құжаттын дайындап берді. Тұрғынның айтуынша, оның осынша уақыт аралығында құжатын жаңартпауына отбасылық жағдайы себеп болған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының жаңа үлгідегі жеке куәлігін алған азамат көші-қон қызметі тобы қызметкерлерінің қысқа мерзімде ашықтық пен ыңғайлы қызмет көрсету қағидасын назарға алып, мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастырғанына алғысын білдірді.

Еске сала кетелік, бұған дейін ХҚКО-да төлқұжат пен жеке куәлікті ыңғайлы әрі жылдам жолмен қалай алуға болатыны жазылған еді.

Сондай-ақ, ХҚКО-ларда құжаттандыру қызметтерін алу кезінде Салық кодексіне сәйкес, клиенттердің белгілі бір санаты мемлекеттік баж төлеуден босатылатынын біле жүріңіз.

Ал, Ақмола облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға төлқұжат алғаны үшін мемлекеттік баждар негізсіз салынған.


Соңғы жаңалықтар