Криштиану Роналду футболдан әлем чемпионатының фавориттерін атады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Катарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының фавориттерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, Португалия фавориттер қатарында жоқ. Дегенмен португалиялықтар 2016 жылы Еуропа чемпионатында жеңіске жеткен кезіндегідей ойнаса, көпшілікті таңғалдыруы мүмкін.

«Португалияның мүмкіндігі мол. Бірақ біз әуелі Ганамен өтетін матчты ойлауымыз керек. Мықты болсақ, біріншіліктің аяғына дейін жетеміз. Чемпион атанған команда ғана турнирде үздік атанады. Бізде жас футболшылар, жақсы ойыншылар бар. Жарыстың фавориттеріне келер болсақ, Бразилия, Аргентина, Франция, Испания, Германия алдымен ауызға ілігеді. Олар басқалардан оқ бойы озық тұр. Алайда Португалия 2016 жылы өзінің күшті екендігін көрсете білді», деді Роналду.

Португалия H тобында Уругвай, Гана, Оңтүстік Корея құрамаларымен бірге өнер көрсетеді. Роналду командасы 24 қарашада Ганамен, 28-інде Уругваймен, 2 желтоқсанда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Бұлардың қай-қайсысы да оңай шағылатын жаңғақ емес, сондықтан топтан шығу үшін көп күш жұмсау керек.

37 жастағы К.Роналду үшін бұл соңғы әлем чемпионаты болуы да ғажап емес. Сондықтан оның командаластарымен бірге барын салатыны анық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан биылғы «Алтын до» иегерінің әлем чемпионатынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар