Крис Бартон Астанада әйгілі «Shazam» компаниясын қалай құрғанын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Shazam» компаниясының негізін қалаушы Крис Бартон Астана экономикалық форумы аясында өзінің әлемге әйгілі компаниясының іргесін қалай қалағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің уақытты қуып жеткеніміз соншалық, жұмыс бастаған 1999-2000 жылдар - айподтардың уақыты болатын. Цифрлық музыканың әлемі ол кезде жоқ еді. Адамдар мп-3-ді әлі жүктемейтін. Цифрлық музыкаға келгенде әлем ол кезде артта қалған күйде еді. Міне, «Shazam» компаниясы үшін бұл таптырмас уақыт болды», - дейді Крис Бартон.

Оның айтуынша, «Shazam» айфондардың өмірге келуінен 7 жыл бұрын жарыққа шыққан.

««Shazam» арқылы біз музыкаларды плей-парақшаларға жүктеуді арман еттік. Адамдар бұрын қолындағы ұялы телефонын қоңырау шалудан басқа ештеңеге қолдана алмайтын. Біз «Shazam» жобасын құрар кезде адамдар Нокио-3310 телефонын ұстап жүретін. Алайда біз мынадай жүйе ойлап таптық: сіз өзіңіздің қарапайым (мәселен, Нокио-3310 - авт.) ұялы телефоныңызбен сөйлесіп тұрып, тұтқаны сөйлесіп тұрған адамға естірте музыкаға жақындатасыз. Біз болсақ, ол музыканың 15-20 секундтық фрагментін қағып алып, одан кейін тұтқаны қойып, көп өтпей сіздің телефоныңызға музыканың атауын СМС арқылы жіберіп отырдық. Міне, Shazam осылай өркендеді. Әу баста бұл қызметті Ұлыбританияда бастадық», - деді Крис Бартон.

Арада көп өтпей андройдтар шыға бастағанда «Shazam» олар үшін таптырмас құралға айналған.

«Қазіргі таңда андройдар мен мобильдік қосымшалар бар кезде Shazam-ды адамдар миллиардтап жүктеп алып жатыр. Әйгілі композиторлар Shazam-мен серіктесуде. Apple-мен сөйлескенімде Shazam әлемде ең көп жүктелген қосымшалар қатарында екенін білдім. Сол кезде кезінде маған бұл жоба жүзеге аспайды деген адаммен кездесіп қалып, екеуіміз біршама күліп алдық», - дейді Крис Бартон.

Айта кетсек, Shazam - бұл тегін кроссплатформалы жоба. Компанияның атауы да - Shazam. Оның мақсаты - дәл қазіргі уақытта қандай музыканың ойнап тұрғанын анықтап беру болып табылады. Ол бұрын тек коммерциялық жоба болса, қазіргі уақытта Mac OS, Windows 8, Windows RT үшін арнайы қосымшасы жарыққа шыққан. Компанияның штаб-пәтері Лондонда орналасқан. Қазіргі уақытта ол 11 000 000 трекке қатысты мәлімет бере алады.

Фото: medium.com

Соңғы жаңалықтар