Криптоқаржы, майнинг: Қазақстанда блокчейн-технологиялар туралы форум өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Kazakhstan Blockchain Day» тақырыбымен блокчейн-технологиялар туралы форум өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы саланы меңгерген отандық және ресейлік мамандар бас қалада жаңа заман технологиясының бүгіні мен келешегін сөз қылды.

Соңғы 2 жылда қызу талқыға түскен блокчейн туралы ресми форум елімізде алғаш рет өтіп отыр.

Қатысушылардың айтуынша, Қазақстанда блокчейн-технологиясы негізінен, криптоқаржы саласы бойынша жақсы дамып келеді. Биылғы қазан айындағы мәлімет бойынша Қазақстан биткоин майнингінен әлемде ІІ орында тұр. Екі жыл бұрын майнинг фермаларының саны 15-тен аспаса, қазір олардың саны 50-ге жетті. Ең ірі фермалар еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде орналасқан.

Форум қонақтарының айтуынша, қазіргі уақытта елордадағы Халықаралық қаржы орталығы аумағында елде криптонарық қалыптастыру бастамасы - криптобиржа қолға алынған. Қазақстандағы криптоқаржы осы жерде сауда-саттыққа түседі. Айта кетерлігі, мұнда негізгі қаражат транзакциялардан түсетіні белгілі.

«Мысал үшін, әлемдік криптоқаржы транзакцияларының 40%-дан астамы АҚШ аумағында жүреді. Сол арқылы олар миллиардтаған доллар пайда тауып жатыр. Егер біз соны өз жерімізде жасасақ, айталық, небәрі 1%-ы Қазақстанда жүргізілсе, онда жылына 72 миллиард доллар тауып отырамыз. Сондықтан бұл саланың мүмкіндігі көп», - дейді Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Сапар Ахметов.

Сарапшы блокчейн-технологиялары жер кадастры, қаржы саласы, құрылысқа рұқсат алу сынды шаралардың бәрін ашық жүргізетінін айтты. Яғни, мәселенің шешілуі бір адамға байланып қалмайды. Қазіргі уақытта елімізде осыған қатысты бірқатар жақсы жобалар бар. Осы форум аясында сол бағдарламаларды анықтап, мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асыру көзделген.

Жалпы, мемлекеттік органдар бұл мәселеге қазірден-ақ кірісіп кеткен. Оған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Оразбектің сөзін де дәлел қылуға болады. Оның айтуынша, соңғы 2 жылда министрлік екі жобаны енгізген. Бірі - мемлекеттік қызметкерлердің блочейн-технология арқылы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, екіншісі - жеке мәліметтерді бақылау қызметі. Екінші жоба болашақта азаматтар өзінің жеке мәліметтерін қашықтан - смартфон арқылы пайдалануға мүмкіндік бермек.

Қазақстан бүгінде криптонарықты заң жүзінде реттеуге көшкен санаулы елдің бірі. Былтыр Парламент елдегі цифрлы майнингті заңдастырып, реттейтін заң қабылдады. Ол бойынша цифрлық активтер қазір мүлік болып саналады. Заңымызда тіпті, криптоқаржы да көрсетілген. Оның үстіне, Қазақстан қазір әлем бойынша майнерлерге салық салған алғашқы мемлекет. Жаңа жылдан бастап 1 кВт-тан 1 теңге алынады. Яғни, осы күні ел аумағындағы жұмыс істеп жатқан «ақ» майнерлерді есепке алсақ, бюджетке жылына шамамен 5-6 миллиард теңге түсіп отырады деген сөз. Бұл тек бастамасы ғана.

Ал Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының президиум төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, қазір әлемде криптотрейдингпен 100 мыңдаған, миллиондаған адам айналысады. Криптобиржалардың қаржы айналымы ондаған миллиард долларға жетсе, саланың жалпы капиталы бірнеше триллион долларға бағаланады. Бұл сала біздің еліміз үшін де үлкен мүмкіндік тудырып отыр дейді ол. Өйткені, шикізатқа байланған ұлттық экономикамызды әртараптандыруға тамаша мүмкіндік.

«Өкініштісі, қазір Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы цифрлық майнингтің кесірінен болып отыр деген жағымсыз көзқарас қалыптасқан. Бізде 30 жыл бойы электр энергиясы профицитте болды. Енді соңғы 2 жылда цифрлы майнинг сол артық энергияны пайдаға жаратып, тіпті дефицитке алып келді. Бір жағынан экономикада осындай қиындық туды дейміз.

Алайда сұраныс ұсынысты қалыптастырады. Сондықтан цифрлы майнингтің арқасында Қазақстанда энергетика саласы, оның ішінде жасыл энергетика дамиды. Президент 2060 жылға дейін көмірден бас тартамыз деді. Ал оны алмастырудың жалғыз жолы – жасыл энергетика. Оны елде дамыту үшін арнайы заңдар қабылданып жатыр. Ол бір жағынан, индустрияның осындай заманауи жаңа түрімен айналысатын ірі компаниялардың қызығушылығын арттырды. Демек, Қазақстан үшін осы саланы дамытуға үлкен мүмкіндік бар», - дейді Исламбек Төлеубайұлы.

Сарапшылар саланы дамытуты мектеп жасынан бастауды көздейді. Осы мақсатта блокчейн-технологиялар туралы жазылған әлемдік 5 бестселлер (кітап – ред.) қазақ тіліне аударыла бастаған. Жас ұрпақ осы бастан таныса беруі үшін оларды мектептерге, колледж бен ЖОО-ларға тарату жоспарланған. Аударма жұмыстары ойдағыдай бітсе, ол кітаптарды білім ошақтарының кітапханаларынан келер жылы көріп қалуымыз мүмкін.

Айта кетейік, шара ұйымдастырушылары өз жобаларында блокчейн-технологияларды қолданатын келешегі бар 10 қазақстандық стартапты іріктеді. Олар үшін 1 750 000 теңге көлеміндегі жүлде қоры бар арнайы питч-сессия ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар