Криминалистика ғылыммен ұштасып жатады - Ерқанат Болатов

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмысты ашу ісінде бұл қызмет үлкен жұмыс атқарады. Қазіргі таңда криминалист мамандығына қызығатын жастар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі - Ерқанат Болатов Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистка бөлімінде аға криминалист қызметін атқарады. Жас криминалист ҚазАқпарат тілшісіне қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсібі жөнінде айтып берген еді.

«Біздің отбасында полиция қызметінде еңбек еткен адам жоқ. Ал әкемнің досы сол салада жұмыс жасады. Ол кісі келгенде қасына отырамын. Әңгімесіне құлақ саламын. Кейін ол жайында деректер жинауға мән бердім. Жоғары оқу орнында жүргенде сыры көп сала жөнінде білімімді толықтырдым. Келешекте осы сала маманы атануға дайындалып жүрдім. Оқып жүргенде тиісті мекемелерге іс-тәжірибеден өтуге бардық. Сонда арнайы құралдармен жабдықталған чемоданды көзіміз жиі шалатын», - деді Ерқанат Болатов.

Жас жігіт осылайша криминалистика саласының қыр-сырына қанығуға тырысты. Кейбір уақытта түйінді мәселенің тарқауын сол мамандар шешіп жататын еді. Осының барлығы оған ерекше әсер етті.

«Қиын мамандық қой. Кейін полиция саласына қызметке келгенде де маған оңайға соққан жоқ. Патрульдік бекеттерде жүргенде криминалистиканың қыр-сырын бірте-бірте үйрене бастадым. Жедел тергеу тобының ісіне белсене араластым. Оған терең білімнің қажеттігін түсіндім. Бұл саладағы тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алдым. Олар қолдау білдірді. Осылайша саланың қиын соқпағына түсіп кеттік. Қылмыстық оқиға орнында әрбір айғақты сүзгіден өткізуге мән бердім», - деді ол.

Криминалистер жұрттың барлығы біле бермейтін чемоданды арқалап жүреді. Олардың көбісі тұрмыста қолданыла бермейді. Мәселен, ғылыммен ұштасқан ұнтақты қылды қаламмен меңгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді.

«Мен 2017 жылдың 5 шілдесінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Рас, ерекше түсті кеудеше киіп маман ретінде чемодан асынып жүру маған бірден бұйыра қойған жоқ. Бөлімде аға криминалист қызметін атқаратын тәжірибелі маманның бірі маған ақыл-кеңесін айтты. «Қылмыс жасырынды айлаға құрылады, айланы әшкерелеу үшін амал керек, ал амалын табу үшін не керек» деп алдыма криминалистика саласына қатысты том-том болған кітаптарды қойды. Олар мен үшін шешуі жоқ теңдеу секілді көрінді. Сол кітаптарды оқып шықтым. Өзіме қажетті көптеген мәліметтерге кезіктірдім», - деді ол.

Сан алуан оқу-жаттығу кезінде жас маманға көптеген қиыншылықтарға жолықты. Криминалистика әліпбиін жүйелі зерттеді. Қылмыс орын алған жердегі әрбір айғақ зат бір-бірімен қылмен бекітілгендей ұштасып тұрады. «Оны үзіп алсаңыз іздің жойылып кетеді. Ол қылмыстық іске кері әсерін беру мүмкін. Сондықтан жас маман ретінде тәжірибе жинақтау оңайға соққан жоқ.

«Биыл елімізде криминалистика саласына жүз жыл толғалы отыр. Ол алғашқыда қылмыскердің фото-суретімен картотека құраудан бастау алған еді. Қазір бұл сала маңызды болып саналады. Криминалистка саласының өміршеңдігі соншалықты ол заман ағымындағы әрбір жаңалықпен ұштасып жатады», - деді Ерқанат Болатов.

Соңғы жаңалықтар