Криминалист: Бұл салада жұмыс істегісі келетін қыз-келіншектерге шыдам керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, жаны нәзік болса да ер адамдар істейтін салада да жетістікке жете алады. Соның бірі – «Сарыарқа» ауданының полиция басқармасы Жедел- криминалистика бөлімінде аға криминалист қызметін атқаратын Бибігүл Ильчубаева. 20 жасында осы салаға келген оның қазіргі уақытта алдына келген жас мамандарға үйретері көп. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай аға криминалист, полиция майорынан сұхбат алып, оқырман назарына ұсынбақпыз.

- Бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?

- «Сарыарқа» ауданының полиция басқармасы жедел-криминалистика бөлімінде жұмыс істеп жатқаныма биыл 19 жыл болды. 2001 жылы еңбек жолымды техник-криминалист лауазымынан бастасам, қазір аға криминалисті болып бір салада, адал қызметімді атқарып жатырмын. Бала кезімде үйге нағашы ағаларым форма киіп келетін. Оларға қарап, қызығатынмын. Араға жылдар салып арманым орындалды.

- Осы салада қызмет ету үшін арнайы оқу орнын бітіріп, дайындалдыңыз ба?

- Мені осы жолға тағдыр алып келді. Негізгі мамандығым – орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Бұл салада жұмыс істеп көрген жоқпын. Оқу бітіргеннен кейін бірден Ішкі істер органына келіп, сырттай оқу оқып алдым. Төрт жыл бойы жылына бір рет алатын еңбек демалысым оқу орнында сессия тапсырумен өтетін.

- Бұл салаға келуіңізге ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?

- Біз 5 ағайындымыз. Мен үйдегі төртінші баламын. Бастапқыда ата-анам Ішкі істер органында жұмыс істейтінімді білсе де, криминалист екенімді білмеген. Жұмысқа кіргеннен соң шамамен екі жыл өткеннен кейін анаммен сөйлесіп отырып, байқамай «Мәйітке баруым керек, сосын хабарласам» деп айтқан кезде ғана ата-анам қандай қызмет атқаратынымды түсінді. Оқушы кезімде жұмсақ мінезді болғаныммен, істеп жүрген салама байланысты уақыт өте келе суық, қатал бола бастадым. Анам «басқа балаларыма қарағанда осы қызымыздың жүзі суық» деп айтып отырады.

- Криминалистің бір күні қалай өтеді?

- Тәулік кезекшілікке түскен кезде құрамымызда тергеуші, жедел уәкіл, криминалист болады. Оқиға болған орындарға барып, өз жұмысымызды, міндетімізді атқарамыз. Қандай қылмыс болса да – оқиға болған орынды лентамен қоршап, өзге адамдардың лентамен қоршалған жерге кірмеуін қамтамасыз етеміз. Себебі айғақ заттар мен аяқ іздерін басып кетпеуін қадағалаймыз. Криминалист сол жерден айғақ заттармен дәлелдемелер жинайды. Күндіз, түні болған оқыс оқиға орнында алынған саусақ іздерін, айғақтарды, заттарды дер кезінде автоматтандырылған іздеу жүйелеріне АДИС «Папилон» және «Трассологиялық жүйеге» енгіземін. Қазіргі уақытта келіп жатқан жас мамандармен жұмыс істеп, өзімнің мол тәжірибеммен бөлісіп, оларға үйретудемін. Күнделікті жұмысымды жоспармен орындаймын, жас мамандардан бірінші күннен бастап жұмыстың толық орындалғанын талап етемін. Әрбір жас маманға қолымнан келген көмегімді аямаймын. Бір күнім жас мамандармен қалай өтіп кеткенін білмей қаламын.

- Отбасылық өміріңізге тоқталып өтсеңіз?

- Тұрмыстамын. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Жолдасым патрульдік полиция департаментінде инспектор болып қызмет атқаруда. Тұрмысқа шықпай тұрып әпке, ағаларым менің қамқоршым болса, қазіргі уақытта ақылшым, кеңесшім, жанашырым – жолдасым. Үлкен қызым – қолғанатым. Бауыр, сіңлісіне қарайтын да сол қызым.

- Бұл саланы таңдағаныңызға өкініп, басқа салаға кеткіңіз келген кездер болды ма?

- Жұмыстан жалыққан кезім болған емес. Бастапқыда екі апта практикадан өттім, одан кейін үш ай бойы сынақ мерзімінде жұмыс істедім. Сол кезде мен өз міндетімді өте жоғары деңгейде орындадым. Заттай дәлелдеме іздеу, саусақ іздерін табу, жан жақты ізденісте жұмыс істеу маған өте ұнайды.

- Бұл жұмысыңызда нені істеу сіз үшін қиынға соғады?

- Бастапқыда жұмысқа кірген кезде мәйітпен жұмыс істеу қиынға соғатын, неше түрлі жағдайлар, иістер жиіркенішті болатын. Біртіндеп бәріне үйреніп кетесің, себебі ол сенің жұмысың. Осы жерде айта кетсем, менің қасымда бастапқы кезде тәлімгерім болды, барлық білген тәжірибесін маған көрсетіп, үйретті. Ол мұндай нәрсені көңілге алмау керектігін, жүрекке салмақ түсіруге болмайтынын айтты.

- Криминалист болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

- Бұрын жедел-криминалистика бөлімінде 12 адам ғана жұмыс істесек, қазір кезде штатта 38 адам қызмет жасайды. Ең бастысы – шыдамдылық пен төзімділік керек. Криминалистің қолындағы криминалистикалық қобдишаның салмағы ауыр болады. Жұмыс барысында ол сенің үшінші қолың сияқты өзіңмен бірге жүреді. Сонда моральдық қана емес, физикалық тұрғыда да мықты болу керексің. Көп оқып, көп ізденуің керек. 19 жыл осы салада жұмыс істесем де, үйренетінім көп деп ойлаймын.

- Қобдишаның ішінде қандай заттар болады?

- Қобдишаның ішінде циркуль, сызғыштың неше түрлісі, қолға ұқсайтын таяқша, стерильді қолғап, бетперде, ұнтақтың ақ, қара, магнитті, магнитсіз сияқты түр-түрі, қайшы, жіп, скотч, желім, қағаздан жасалған пакеттер, пластилин, блокнот, гипс, су, ерітінді, фотоаппарат, камера және қылмысты анықтауға қажетті басқа да техникалық құралдар болады.

- Елордада қандай қылмыс түрі көп кездеседі?

- Елордада көбінесе ұрлық жасау қылмысы көп кездеседі. Оған түрлі жолмен жасалған ұрлықтар кіреді.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Ата-анамды жылына бір рет еңбек демалысы кезінде көремін. Отбасыма, туғандарыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Балаларымды алып, туған жеріме кетемін. Бос уақыт та осы кезде ғана болады. Одан бөлек, өз саламызға қатысты кітаптар оқимын, ізденіс үстінде жүремін. Криминалист өз еркімен маман қорытындысын істей алатындай дәрежеде болуы үшін қол іздерімен, суық қарулармен, оқ, мылтықтармен, мөрлермен, портреттермен жұмыс істей алуы керек. Мен криминалистика туралы кітаптарды көп оқимын.

- Мерекеге орай әріптес қыз-келіншектерге қандай тілек айтасыз?

- Ақ жаулықты әже, аналарымызды, әпке-сіңлілерімізді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ішкі істер органында жұміс істеп жатқан сымбатты да сұлу қыз-келіншектерге денсаулық, отбастарына амандық, төзімділік пен шыдамдылық тілеймін. Жұмыс пен отбасын қатар алып жүру оңай емес, сол себепті жұлдыздары жарқырап, жұмыстарының жемісін көрсін дегім келеді.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар