Крещение мерекесі: Суға түскенде қандай ережелерді сақтау қажет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың Төтенше жағдайлар департаменті Крещение мерекесіне орай суға түсу рәсімі кезінде сақтық ережелерін тағы бір еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын 19 қаңтарда елорда тұрғындары мен қонақтары «Крещение Господня» православиелік мерекесін атап өтеді. Оның барысында мұзойықтарда жаппай шомылу ұйымдастырылады. Аталған мереке жаппай сипатқа ие болғандықтан, суға шомылуға келетіндердің саны артатыны сөзсіз. Осы орайда, аталған рәсімге қатысуға бел буған әрбір адам сақтық шараларын сақтап, тек бегіленген орындарда ғана шомылуы қажет»,– деді Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азамат Құсайынов елорданың коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде.

Шомылу орындары арнайы жабдықталған және онда күзет бар.

«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында мамандар көмегі ұсынылады. Қала бойынша екі арнайы орын бар, ол «Гранд Алатау» тұрғын үй кешені маңы және екіншісі «Астаналық» саябақтың жағалауында. Арнайы дайындалған шомылу орындары ағаш және темір торлармен жабдықталып, қауіпсіздік шарасы барынша сақталған. Мұзойыққа кірерде, терең тыныс алып, демді ұстаған күйде суға кірген дұрыс. Шомылып шыққан адамды біреу орамал және халатпен күтіп тұрғаны абзал. Мұзойыққа түсерде резеңке аяқ киім киюді ұмытпау керек» - дейді ол.

Еске салайық, Астанада 18-19 қаңтар күндері барлық православие шіркеулерінде Крещение мерекесіне орай рәсімдер өтетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар