Кредиттер кешірілгені туралы тарап жатқан ақпарат – фейк

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «кредиттерге амнистия» жасалғаны туралы әлеуметтік желілердегі хабарламаларға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәлім етілгендей, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде «кредиттік рақымшылық» жасалды және қарыздардың барлық түрлері есептен шығарылды» деген сынды ақпараттар ауық-ауық шығып тұрады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпараттар шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.

Бұл ретте агенттік былтыр несиесі бойынша қарызы бар азаматтарды қолдауға бағытталған бірыңғай тәртіп енгізілгенін еске салады.

«Атап өтейік, кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілді.

Кредиттердің мерзімі өтіп кеткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет. Онда олардың өтініші қаралады және проблемалы берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады.

Қарызды қайта құрылымдау шарттары:

- сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

- төлемді кейінге қалдыру;

- өтеу әдісін өзгерту;

- қарыз мерзімін ұлғайту;

- мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді жою және тағы басқа түрінде болуы мүмкін.

Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол кредитордың жауабын алған күннен бастап 15 күн ішінде агенттікке жүгінуге құқылы»,- деді ведомстводан.

Айта кетейік, берешекті реттеу туралы шешім қарыз алушының қаржылық жай-күйін және оның қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі мүмкіндіктерін терең талдау негізінде жеке тәртіппен қабылданады.


Соңғы жаңалықтар