Креативті индустрияны дамытуда Орталық Азияның әлеуеті зор – Алтай Көлгінов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық Азияның креативті индустрияны дамытуда үлкен әлеуеті бар. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі форум аясында шетелдік және отандық сарапшылар ақпарат саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ары қарай дамыту мәселелерін жан-жақты талқылап жатыр. Осы бағыттағы ең заманауи әрі қарқынды дамып отырған бағыттардың бірі - ол креативті экономика немесе креативті индустрия. Статистикаға назар аударсақ, креативті индустрия әлемдік экономиканың жедел дамып келе жатқан бөлігі ретінде танылуда. Бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табыс әкеледі екен. Креативті индустрияның әлемдік экспорты - орта есеппен 250 млрд доллар», - деді вице-премьер елордада өтіп жатқан І Орталық Азия медиафорумында.

Оның айтуынша, ЮНЕСКО болжамы бойынша креативті индустрия секторы орта мерзімді перспективада әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін өсуі мүмкін.

«Орталық Азияның креативті индустрияны дамыту үшін үлкен әлеуеті бар деп есептейміз. Соңғы жылдары өңір елдерінің Үкіметтері креативті индустрияны түсіне отырып, оны қарқынды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қазақстанда 2021 жылы Креативті индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің құрылымында креативті индустрияның үлесі - 2,67 пайыз», - деді Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар