Креативті индустрияны дамыту туралы заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Креативті индустрияны дамытуға бағытталған заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі. Бұл туралы Сенатта «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыруды талқылау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі - креативті индустрия саласы. Әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы 2,3 трлн АҚШ долларын құрайды. Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асты.

Сондықтан, креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымдары бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз»,- деді Е.Тоғжанов.

Екіншіден, мәдениет ұйымдарындағы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға тиісті жағдай жасау ескерілген.

«Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағытталады. Бұл өз кезегінде мәдениет ұйымдарын экономикалық айналымға енгізудің мүмкіндігі», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Сонымен қатар, авторлық құқықты қорғау механизмдеріне қатысты бірқатар мәселелер де бар. Жалпы, креативті индустрияны дамытуға бағытталған заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі. Сіздерден бұл бастамаларға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын», - деді ол сенаторларға қарата айтқан сөзінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Е. Тоғжанов «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобындағы өндіріс жұмысшыларының жалақасы көтерілетінін айтты.

Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.


Соңғы жаңалықтар