Красноярск мэрі келесі Универсиадаға қанша қаражат жұмсалатынын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Біз Универсиаданы өткізуге қомақты қаржы салып отырмыз, Красноярскіде өтетін әлемдік студенттер сайысының бюджеті 1 млрд доллардан асады, деді Красноярск қаласының мэрі Эдхем Акбулатов бүгін Қазақстан бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуде БАҚ-қа берген сұхбатында, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біз Универсиаданы өткізуге қомақты қаржы салып отырмыз, Красноярскіде өтетін Универсиаданың бюджеті 1 млрд доллардан асады. Бұл капиталдық салым түріндегі қаржы. Біз қазіргі уақытта қалада 10 жылда жасалмаған жұмыстарды атқарып жатырмыз. Спорт нысандарымен қатар, аурухана салып, Сібір Федералды Университетінің кампусын кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, Енисей өзені арқылы өтетін көпір салынуда. Әрине, бюджет қаражатын барынша үнемдеу шараларын да қолға алдық. Бұл тұрғыда Алматының тәжірибесін ескереміз» , - деді Эдхем Акбулатов.

Красноярск қаласының басшысы Универсиаданың ашылу салтанаты өтетін кешеннің «Алматы арендан» кіші екенін айтты.

«Бізде ірі екі спорт нысаны бар. Оның бірінде мұз айдыны аренасында, 7000 орындық, Универсиаданың ашылу салтанаты өтеді. Алматы аренадан әрине, кішірек. Дегенмен, мұндай кешен Красноярскіде бұрын болмаған», - деді ол.

Сонымен қатар, ол бүгін өткен Қазақстан бизнес өкілдерімен кездесу пайдалы екенін айтты.

«Алматы мен Красноярск кәсіпкерлері арасында қосымша байланыстар орнатылады. Жалпы, Алматыда Универсиаданы ұйымдастыру жұмыстарын өте жоғары бағалауға болады. Менің әріптестерім, біздің делегация спорттық шараларға келуші жанкүйерлердің көптігіне таңқалды. Көрермендердің спорттық шараларға деген қызығушылығы ерекше әсер етті», - деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, жалпы Универсиаданы өткізуге, Алматы инфрақұрылымын дамытуға, спорт нысандарын салуға республикалық бюджеттен 109 млрд. теңге бөлінген. Ал операциялық шығындарына 32 млрд теңге бөлініп, ол 17 млрд-қа дейін қысқартылған.

«Жарыстың ашылу және жабылу салтанаттарына кететін шығын 1,2 млрд теңгеге қысқарды. Транспорттық шығындар 1 млрд теңгеге, PR мен маркетингтің қаражаты 1,5 млрд теңгеге азайды. Эстафета алауы 500 млн.теңгеге, тестілік жарыстардың бюджеті 500 млн-ға қысқарды. Хафпайп дисциплинасын бигэйр мен шаңғы акробатикасына алмастыру арқылы 2 млрд теңге үнемдедік. Жалпы айтқанда, операциялық бюджет 17 млрд теңгені құрады», деп хабарлаған болатын дирекциядан.

Алматыда өткен Универсиада бюджеті Түркияның Эрзурум қаласында өткен сайыстан 20 млн еуроға, Қытайдың Харбин қаласындағы сайыстан 52 млн еуроға, Қазандағы Универсиададан 447 млн еуроға төмен болды.

Соңғы жаңалықтар