Краншы болу үшін бұл кәсіпті қатты жақсы көру керек – Фархана Сафарғалеева

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл тұрғыны Фархана Сафарғалеева ғұмырының 40 жылын құрылыс саласына арнаса, соның 20 жылында аспалы кранды басқарып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

59 жастағы Фархана Сафарғалеева темір-бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорында аспалы кранда жұмыс істейді. Бұл мамандыққа 20 жасында бойжеткен шағында келген ол кейін жұмысын ауыстырғанымен, бірақ сүйікті кәсібін ұмыта алмаған.

«80-ші жылдары мектепті бітіріп, Петропавлдағы 24-інші училищеге оқуға түстім. Оқу орнын бітірісімен бізді жолдама бойынша темір-бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорынға жіберді. Ол жерде 4 жылға жуық жұмыс істедім. Одан үй құрылысы комбинатына ауыстым. Сол жерден декреттік демалысқа кеттім. Қызым өскесін жұмысқа шығып, басқа құрылыс компанияларында еңбек еттім. Бірақ, краншы жұмысын ұмыта алмадым, бұл кәсіп ер адамдардың қолы болғанымен, ауыр болса да өзіме ұнайды. Сондықтан қайтып келдім краншы болып», - дейді Фархана Сафарғалеева.

Фархана Әнуарбекқызының құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніне 40 жыл. Білімін жетілдіру үшін сырттай техникумды аяқтады.

«Жұмыстың оңайы жоқ, сондықтан атқарған ісіңді жақсы көруің керек және өте жақсы істеуге тырысу қажет. Бұл жұмыста ең бастысы ұқыптылық. Өйткені краншыға үлкен жауапкершілік артылады. Төменде қаншама адам жұмыс істеп жүр. Ауыр плиталарды көтерген кезде абайламасаң, талаптарды қатаң сақтамасаң біреуді майып етуің мүмкін. Төменде жүкті іліп тұрған маманды тыңдау керек. Түрлі панельдерді, жабындарды көтеремін, құрылыс басына әкетуі үшін артып беремін. Бұл жерде негізгі жұмыс крандікі. Төменде жігіттер арматуралайды, ал оны орнынан қозғау, арту – бәрін кран атқарады. Крансыз жұмыс тоқтап қалады», - дейді аспалы кран машинисі.

Кәсіпорында жұмыс таңғы сағат 8.00-де басталып, кешкі 17.00-де аяқталады. Фархана Сафарғалеева 8 метрлік аспалы кранға отырып, ауыр темір-бетон бұйымдарды тасымалдайды. Маманның айтуынша, сөзбен айтуға жеңіл, бірақ краншыға таңертеңнен кешке дейін зейінді жоғалтпау қажет. Кранды жүргізуді үйренуге келген шәкірттерін де тәжірибелі маман жауапкершілікті бірінші орынға қоюды үйретеді.

«Краншы, негізінен ер адамның кәсібі болып есептеледі. Алайда, ұжымда үш әйел болса, олардың үшеуі де кранды жүргізеді. Тек біздің кәсіпорында ғана Фархана Әнуарбекқызы 20 жылдан артық краншы болып істеп келеді. Ол білікті маман, кәсіпорынға келген жастарды тәрбиелеп, білгенімен бөліседі. Жалпы ұжымда 300-ден артық адам бар. Тұрғын үй құрылысына қажет темір-бетон өнімдерін шығарумен айналысамыз», - дейді кәсіпорынның бас инженері Андрей Некрасов.

Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған Фархана Сафарғалееваның еңбегі еленіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар