ҚР Ұлттық ұланында жаппай аттестация басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының және елордадағы 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы аттестациялық сынақ тапсыруды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауында құқыққорғау органдарының қызметкерлерін аттестациядан өткізуді міндеттеген болатын. Ал таяуда өткен ҚР ІІМ-нің алқа отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқыққорғау органдарындағы реформалық жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

«Ұлттық ұландағы бұл сынақтар - жауынгерлік қызмет сапасын арттыруды, білікті мамандардан толыққанды кадрлық резерв құруды, әр әскери қызметшінің іскерлік, тұлғалық және жеке қасиеттерін жан-жақты әрі әділ бағалауды, олардың квалификациялық талаптар мен өз лауазымына сәйкестігін анықтауды көздейді. Аттестацияның алғашқы күнінде Бас қолбасшылықтың офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер елорда сыртындағы «Қаптағай» оқу орталығында ату шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, Бас қолбасшылықтың спорт залында түрлі нормативтер бойынша спорттық дайындықтары да сыналды. Тәуліктің екінші жартысында ұландықтар Әскерді басқару орталығында басшылық құжаттар бойынша білімдерін көрсету үшін тест тапсырды», - делінген ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің ақпаратында.

Аттестация үш күнге созылмақ. Алдағы күндері жетекші психолог-мамандар Бас қолбасшылықта қызмет атқаратындардың жауынгерлік міндеттерді орындауға психологиялық тұрғыдан дайындығын тексереді. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамаларнан да арнайы тесттер тапсырылады.

Соңғы жаңалықтар